Серік Жұманғаринге «е-ТРМК» ақпараттық жүйенің жұмыс барысы туралы баяндалды

Серік Жұманғаринге «е-ТРМК» ақпараттық жүйенің жұмыс барысы туралы баяндалды
primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин техникалық реттеу саласындағы цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кеңес барысында сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев Техникалық реттеу және метрология комитетінің «е-ТРМК» мемлекеттік ақпараттық жүйесін енгізу шеңберінде атқарған жұмыстары туралы баяндады.

«Заңнамада талап етілетін ақпараттық қауіпсіздіктің 70-тен астам нормативтік-техникалық құжаты әзірленді және бекітілді, мысалы: ақпараттық қауіпсіздік саясаты, тәуекелдерді бағалау әдістемесі, қолжетімділік құқықтарын саралау ережелері және т. б. Сондай-ақ мемлекеттік деректер базасымен интеграциялық жұмыстар жүргізілді. ҰАО-ның 120 және ҚазСтандарттың 70-ке жуық бизнес-үдерісі цифрландырылды», — деді Қ. Балықбаев.

Әзірлеушілердің деректері бойынша, мемлекеттік жүйе енгізілген 2,5 ай ішінде 1 500-ден астам ұйым, 1236 құрылымдық бөлімше, 10 мың кабинет, 292 өтініш берушілер кабинеті тіркелген. «ҰАО» РМК жұмысында бастапқы аккредиттеу бойынша 25 өтінім түскен. Жүйе СМ сертификаттарын алуға 633 өтінім қабылдады, оның ішінде 324 сертификат берілді.

Сонымен қатар жүйені енгізу шеңберінде пайдаланушылардан келесі бағыттар бойынша бірқатар ұсыныстар мен ескертулер түсті: жүйеде тіркеу; деректерді толтыру («сақтау», «өңдеу» батырмалары жұмыс істемеген), аккредиттеу туралы өтінімдер (олар бұрын «ҰАО» РМК жауапты қызметкерлеріне түспеген), метрология және стандарттау (ҚР МӨЖ тізілімі жоқ). Бүгінгі таңда қателер 80%-ға жойылды. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин барлық олқылықтарды қысқа мерзімде жоюды тапсырды.

«Алдағы уақытта тәжірибелік жүзеге асыру барысында және пайдаланушылардың ұсыныстары бойынша анықталған сәйкессіздіктерді жою жөніндегі жұмысты жалғастыруға дайынбыз», — деп атап өтті ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қайсар Шалабаев.

Айта кетейік, Техникалық реттеу және метрология комитеті сәйкестікті бағалау рәсімдерін цифрландыру және жетілдіру жөніндегі жүргізіп жатқан жұмыс «сұр» сертификаттарды жоюға және сәйкестікті бағалау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан халқын қауіпсіз және сапалы өніммен қамтып, техникалық кедергілерді азайтуға бағытталған.