Мәжілісте құрылыс, су тасқыны және шекарадағы режим мәселелері көтерілді

Қазақстан аумағының 40%-тен астамы сейсмикалық қауіпті аймақ саналады. Әсіресе көпқабатты ғимараты көп Алматы қаласында жер сілкінісінен қатер басым. Мұны Мәжілісте Төтенше жағдайлар министрі мәлімдеді. Сондықтан мегаполисте жыл соңына дейін 30-дан астам сейсмостанция іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылысты қадағалау күшейеді

Елдің оңтүстік өңірлері, әсіресе Алматы қаласы жоғары сейсмикалық аймаққа жатады. Батыс және орталық өңірлерде қазба байлықтарын игеруден жер астында бос кеңістік пайда болып жатыр. Яғни, мұндай кезде техногендік жер сілкінісі болуы мүмкін.

Арман Қалықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізді толғандырып отырған мәселе, айтқан жерден аулақ, егер қауіпті жағдай орын алса, қазіргі салынып жатқан құрылыс ғимараттары күшті зілзалаларға төтеп бере ала ма?

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Біз жер сілкісі болуы мүмкін ошақтардың қай жерде орналасқанын білеміз. Бұл орталықтарда жер сілкінісінің пайда болуын тіркеуге мүмкіндік беретін датчиктер орналастырылады, олар автоматты түрде қалалар мен елді мекендердің ескерту жүйесіне дабыл беруі керек. Осылайша, зілзала ошағынан елді мекендерге дейін сейсмикалық толқын жеткенше біз ескерту жасап, санаулы секундтар ішінде бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік аламыз.

Осы орайда министр сеймикалық қауіпті аймақтарда құрылысқа қатысты арнайы талап қойылатынын айтты. Бірақ осы талап қаншалықты сақталады? Оны кім тексеріп жатыр? Депутат Бақытжан Базарбек бақылауға күмән бар деді. Себебі...

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өкінішке қарай, бізде сейсмобақылау, сейсмоаудит деген жоқ заңнамада. Одан кейін 2010 жылдан бастап біз комиссиялық қабылдаудан бас тартқанбыз. Басқаша айтқанда, біздің сәулет қала құрылыс туралы заң талаптарына сай егер үй құлап қалса, оның астында үйінділер астында біздің туысқандарымыздың денелері қалып қалса, бұндай жағдайда құрылыс компания жауап бермейді. Бұған тек авторлық технозор ғана жауап береді. Ал авторлық технозордың қол қоятынын, дүниесін – біз барлығын білеміз. 50-60-70 мың теңге төлеп, авторлық технозорға қол қоюға болады. Сондықтан да біз заңнаманы күшейтуіміз қажет. Міндетті түрде қабылдау алдында сейсмоаудит енгізуіміз керек.

 

Тасқын су үшін кім жауап береді?

Депутат сондықтан қала құрылысы кодексіне міндетті түрде сейсмоаудит енгізуіміз керек деді. Бұл бір. Екіншіден, бұрынғы комиссияның қабылдаған құжаттары қайта қаралады. Ал су тасқыны қаупі бар жерге үй салуға жол берген лауазымды тұлғалар жазалануға тиіс. Мұны депутат Ғалымжан Елеуов ұсынды. Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысының Қобда ауданында 79 үйді, дәмхана, мектеп пен спорт кешенін, ал Ойылда 25 үйді су басқан. Батыстағы Ақсай қаласы мен оның маңындағы ауылдарда 180-ге жуық үйге су кірген. Атырауда да осы жағдай.

Ғалымжан Елеуов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Су тасқыны қаупі бар көптеген жерлерде жергілікті атқарушы билік үй салуға жол берген. Соның нәтижесінде жеке тұлғаларға да, мемлекетке де орасан зор шығын келіп отыр. Бұл жерлерді кім бергенін тексеріп, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғалар жазасын алуы тиіс.

 

Шекарада режим болады

Бүгінгі жалпы отырыстағы тағы бір жаңалық, Қазақстан-Түрікменстан шекарасында режим орнайды. Мәжіліс тиісті «келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Ерлан Алдажұманов, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры:

- Мемлекеттік шекара режимі шекарада әрекет ететін ережемен келесі тәртіпті құрайды. Бірінші – мемлекеттік шекараны күтіп ұстау. Екінші – мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүк пен өзге мүлікті өткізу. Үшінші – мемлекеттік шекараның үстінен ұшуларды жүзеге асыру. Төртінші – мемлекеттік шекарада, шекаралық белдеулерде, сондай-ақ шекара суы шегінде шаруашылық және өзге де қызметтерді жүргізу. Бесінші – шекарадағы тосын оқиғаны шешу.

Әңгіме екі ел арасындағы шекараға келгенде депутат Самат Мұсабаев мынадай мәселені көтерді. Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екі өткізу бекетінің арасы – 2 шақырым. Ортада көлік қатынамайды. Мұны сапармен түрікмен еліне барған кезде өзіміз де көргенбіз. 40 градус ыстықта Түрікменстанның шекарасынан біздің бекетке дейін жүгімізді сүйреп, терге малшынып жеткен едік.

Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Күннің ыстығында немесе қыстың ішінде адамдарды жаяу өтуге мәжбүрлеп отырсыздар. Бұл 2 шақырымның 1900-і Қазақстанға тиесілі. Қалған 100 метрі Түрікменстанға тиісті. Осы мәселе қалай шешіледі?

Бұл сұраққа Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі жауап берді. Алмаз Ыдырысовтың айтуынша ратификацияланған бүгінгі келісімге адамдар мен жүктерді тасымалдау бойынша норма енгізілген. Яғни, алдағы уақытта екі бекет арасында тасымал ұйымдастырылады.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Ерлан Наурызбаев.