Корея Қазақстанның екі азаматын тергеу изоляторына қамады
Оңтүстік Кореяға заңсыз жұмыс істеуге барған екі қазақстандыққа 3 түрлі айып тағылды.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Яғни олар елге заңсыз кіру, заңсыз тұру және әуежай объектілері мен оның ғимараттары туралы заңды бұзған. Қазір отандастарымыз Инчхон қаласының көші-қон орталығындағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес, тергеу шаралары 3 айға дейін созылуы мүмкін. Іс Прокуратураға жіберіледі. Тергеу мүддесіне байланысты істің анық-қанығы айтылмай тұр.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдары және ұсталған қазақстандықтардың туыстарымен тұрақты байланыста. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтарын жаппай жұмыстан шығарылып жатқаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Бұл оқиға ресми жұмыспен қамтылған Қазақстан азаматтарына еш әсер еткен жоқ.