Депутат: Мұнайшылар мәселесін шұғыл шешу керек
Мәжіліс депутаттары мұнайшылар қызмет ететін сервистік компаниялар жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуді талап етті.
Халық қалаулысы Еділ Жаңбыршин премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында маңғыстаулықтардың қордаланған мәселелерін атап, оны шешу жолдарын ұсынды. Облыстағы жұмыссыздық пен еңбек даулары мәжілістің 7-ші шақырылымында да көтерілген. Бірақ жауаптылар тарапынан жүйелі жұмыстар жасалмады, дейді депутат. Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, Маңғыстау облысында мұнай компанияларына қызмет көрсететін серіктестіктер жыл сайын өткізілетін тендерлік конкурстан зардап шегіп отыр. Егер қандай да бір кәсіпкерлік қызмет көрсетуге келісім шарт ала алмай қалса, онда қарамағындағы мамандар жұмыссыз қалып жатады. Сондықтан мәселені шұғыл тұрде шешу қажет – дейді, халық қалаулысы.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сервистік және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі, бірақ келесі факторлар: тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр. Сондықтан «Самұрық-Қазына Әл-Ауқат Қоры» өздерінің Ережелеріне келесі өзгерістерді шұғыл түрде енгізу қажет деп есептейміз. Бірінші, баға демпингісіне шектеу қою. Мысалы тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек. Екінші, сервистік компаниялармен көпжылдық келісім-шарттарға отыру сұрағы шешілсін, яғни компаниялардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.