ТМД ПА жұмысы екі күнге жалғасады
Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер парламенттерінің басшылары Санкт-Петербургте бас қосты.
Онда бүгін ТМД Парламент-аралық Ассамблеясының, көктемгі сессиясы жұмысын бастады. Алқалы жиын, екі күнге жалғасады.
- Қазір Ассамблеяның штаб-пәтері орналасқан Таврия сарайында Достастық елдерінің парламенттерінің басшылары бас қосып отыр. Кеңес отырысы ТМД парламентаралық ассамблеясы кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенконың төрағалығымен өтіп жатыр. Және ол Ресей Федерациясының Федералды жиналысы Федерация кеңесінің Төрағасы екенін атап өткен жөн.
Кеңес мүшелері Ассамблеяның өткен жылғы жұмыс қорытындысын қарады. Атап айтқанда, біздің елде өткен президенттік және парламенттік сайлауларға Ассамблея тарапынан қатысқан байқаушылардың мониторингтік жұмыстарының нәтижелері ортаға салынды. Сондай-ақ алдағы айда осы жерде өтетін Оныншы Нева халықаралық экологиялық конгрессіне дайындық барысы пысықталды.
Жалпы Ассамблея Кеңесінің отырысына Қазақстан тарапынан Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев қатысуда. Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Парламенттерінің делегаттары да осы жерде. Айтып өткеніміздей, сессия жұмысы екі күнге жалғасады. Ертең Парламентаралық Ассамблеяның 55-жалпы отырысы өтеді. Ол жайында бізден ақпарат күтіңіздер.