А. Көлгінов Қызылорда облысының апатты жағдайдағы мектептерінде болды

А. Көлгінов Қызылорда облысының апатты жағдайдағы мектептерінде болды
primeminister.kz

Апатты жағдайдағы мектептер мәселесі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында талқыланды. Өңірде 6 апатты және үшауысымды мектеп бар, деп хабарлайды primeminister.kz.

Сонымен қатар Қызылорда облысы балабақшаларында орын тапшылығы (23 мыңнан астам бала кезекте тұр) және ыстық тамақпен қамту (әлеуметтік осал санатқа жататын балалардың 30,9%-ы ғана қамтылған) мәселелері өзекті. Өңірдегі 16 мектепке күрделі жөндеу жасалуы керек, 12 білім ошағында спорт залы жоқ. 

Премьер-Министрдің орынбасары барған Шиелі ауданының Жансейіт ауылындағы апатты жағдайдағы мектеп 1979 жылы салынған, арнайы бейімделген ғимаратта орналасқан. Онда тек 6 бөлме – сынып бөлмелері, мұғалімдер бөлмесі және медициналық кабинет бар. Ғимараттың спорт, акт залдары мен асханасы жоқ, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі стандарттарға сай келмейді. 

Шиелі ауданы Байсын ауылында да осындай жағдай қалыптасқан. Жергілікті мектеп ғимаратының салынғанына былтыр 100 жыл толды. 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Шиелі кентіндегі апатты жағдайдағы №45 мектеп-гимназиясына да барды. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және өзекті мәселелерді шешу, апатты жағдайдағы және үшауысымды мектептерді жою, педагогтерді қолдау, қалалық және ауылдық мектептердегі білім деңгейін теңестіру үшін жағдайлар жасалуда. Үшауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі биыл басталатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешім табады. 2023 жылы «Білім беруді қолдау қоры» есебінен Қызылорда облысында 5 мектеп салынады, оның ішінде дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты бар», — деп атап өтті А. Көлгінов.