Қазақстан Оңтүстік Кореяның қолдауымен отандық өнімдер шығарады
Ультрадыбысты құрылғылар мен теледидарды өзіміз жасаймыз. Корей технологиясын елге әкелуге тағы бір жол ашылды.
Сеулде екі елдің ынтымақтастығы жөніндегі арнайы жұмыс тобы отырыс өткізді. Онда екіжақты дамудың өзге де мәселелері сөз болды. Жетістіктер айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Қазақстандық Үкімет делегациясы тағы қандай уағда жасады?
Владислав Цой, тілші:
- Келіссөздер екі мемлекет үшін де маңызды. Әсіресе Кореяның әлемдік нарықта үлкен күшке ие екенін ескерсек, ынтымақтастықтың берері мол. Сонымен Ресми Сеул ресми Астанамен автомобиль, автобөлшек және тұрмыстық техника шығару бойынша келісті. Демек жақын болашақта отандық кәсіпорындардың өрісі кеңеймек.
Заманауи мониторлар мен теледидарлар жақын болашақта тұңғыш рет Қазақстанда шығарылады. Біздің инженерлер тұрмыстық техника шығаратын Корея корпорациясында оқытылатын болады. Ал өндіріс алаңы Саран қаласында орналасады.
Андрей Лаврентьев, автокөлік шығаратын компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы:
- Саран қаласында арнайы экономикалық аймақ орналасқан. Онда қазірдің өзінде 60 мың шаршы метрден асатын үлкен ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып жатыр. Бұл кәсіпорында 1100-ден астам маман жұмыс істейтін болады. Осы жылдың 3-тоқсанына дейін өндіріс іске қосылады деп үміттенеміз.
Сондай-ақ елімізде ультрадыбыстық диагностикалық құрылғылар шығаратын зауыт салынады. Бұл технологияны да игеру үшін қазақстандық инженерлерге кореялықтар көмектеседі. Олар ультрадыбыстық аппараттарды құрастырып қана қоймай, өнімнің сапасын да бақылайтын болады.
Крис Ким, ультрадыбыстық диагностикалық құрылғылар компаниясының аймақтық директоры:
- Қазақстандық серіктесімізбен бірлесе отырып, ультрадыбыстық құрылғыларды шығарамыз. Бағдарламалық жасақтама қазақ тілінде болады. Бұл жасанды интеллект жабдығы бүкіл әлемде қолданылады және жүкті әйелдерді жылдам тексеруге арналған.
Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық ынтымақтастықтықтың көрсеткіштері рекордтық деңгейге жетіп отыр.
Мейіржан Юсупов, инвестиция тарту бойынша ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
- Тауар айналымы өткен жылы 6,1 млрд АҚШ долларды құрады. Ал инвестиция көлемі екі есе артып 1,5 млрд доллар құрады. Ол деген –жалпы Қазақстан үшін Кореядан тартылған инвестиция бойынша рекордтық сан.
Осы жылдың қараша айында Қазақстанда автомобиль зауытының құрылысын бастау туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл жобаға кореялық инвесторлар 200 миллион доллар қаржы құйды. Сонымен қатар биыл елімізде лифт шығаратын орталық пен желдеткіш зауытын салу жоспарланған.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.