Елордадағы конференцияда мемлекеттік басқарудың тиімді тәсілдері айтылды

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік басқару ісінде әлемнің ұтымды тәжірибелерін зерттеп, оларды елімізде белсенді түрде қолдануға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік басқару жүйесін қайта жаңғыртып, тиімділігін арттыру қажет. Бұл жөнінде Сенат спикері елордада өткен «Ашық Үкімет және жаңа басқару мәдениеті: есту, түсіну, әрекет ету» атты, ғылыми-практикалық конференция барысында айтты. Оның сөзінше, қазір елімізде қызмет көрсету моделінің элементтерін енгізу бағытында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Осы орайда адам мен оның қажеттіліктері және мақсаттары мемлекеттің басты назарында болатыны анық. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың келесі, яғни табиғи және эволюциялық деңгейі. Мұндай жағдайда қызмет көрсету моделі қалыпты жұмыс істеуі үшін 2 негізгі шарт қажет. Біріншісі – ашық, демократиялық саяси жүйе. Келесісі – азаматтық қоғам, қуатты саяси партиялар мен белсенді үкіметтік емес ұйымдар сияқты мемлекеттік органдардың орнықты және ықпалды серіктестігі болуы. Сондықтан мемлекеттік басқаруды реформалау жүйесін саяси реформалармен үндестірудің маңызы зор.

 

Жалпы халықаралық конференцияға, қазақстандық және АҚШ, Германия, Болгария сынды мемлекеттердің сарапшылары қатысты. Мамандар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, шет елдерде, мемлекеттік басқару жүйесі қалай жұмыс істейтіндігін айтты.

Азамат Жолманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

- Енді мына елдің практикасы қызық, мына елдің практикасы қызық деп айта алмаймыз. Өйткені әр елдің өзінің жолы бар. Енді біз олардың тәжірибесін біздің қазақстандық тәжірибеге салыстырып, олардың мамандарымен сөйлесіп, соның негізінде өзіміздің әрі қарай жолымызды таңдаймыз.