Қазақстан Тәжікстанға бидай мен ұн экспортын арттыруға дайын

Елордада Қазақстан-Тәжікстан бизнес форумы өтті.

Оған екі елдің 300-ден астам кәсіпкері қатысып, өзара тиімді уағдаластықтар мен келісімдерге қол қойды. Халықаралық іс-шара Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік іс-сапарына орайластырылған.

Қазақстан Тәжікстанға бидай мен ұн экспортын арттыруға дайын. Бұл туралы Қазақстан-Тәжікстан бизнес форумында Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты. Оның сөзіне сүйенсек, екі елдің теміржол тасымалы арқылы экспорттық-импорттық жүктерді тасымалдау көлемі артып келеді. Мәселен, былтыр оның көлемі 563 мың тоннаға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 90 мың тоннаға артқан. Бұған қоса, автокөлікпен тасымалдау да 66 процентке ұлғайып, 288 мың тоннаға жетті.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі:

- Қазіргі тауар айналымымыз, өзара сауда-саттық 1,4 млрд АҚШ долларына жетті. Ол деген өте үлкен жетістік. Алдымызға қойылған мақсаттарымыз 1 млрд еді. Жылма-жыл өсіп жатыр. Қазақстан экспортының көлемі 877 млн АҚШ долларына жетті. Тәжікстанның импорт көлемі 501 млн АҚШ долларына жетті.

Қазақстан-Тәжістан бизнес форумында кәсіпкерлер арасында жалпы құны 1,5 млрд долларға жуықтайтын келісімшарттарға қол қойылды. Оның ішінде, тау-кен саласын дамыту, бидай тасымалы, сазбалшық және астық жеткізу туралы бірқатар құжат бекітілді.

Сулаймон Зиёзода, Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары:

- Тәжікстан-Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың экономикалық бөлігін кеңейту тұрғысында зор мүмкіндіктер бар. Тәжік елі экономикаға инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалған. Банк және экономиканың нақты секторларын қолдауға назар аударылып отыр. Кәсіпкерлік қызметпен байланысты рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған тиісті саясатты реформалау үдерісі ескерілген. Бүгінде бізде ашық экономика және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты.

Тәжікстан қазақстандық кәсіпкерлерге табыс табуға мол мүмкіндік береді. Серік Жұманғариннің айтуынша, бүгінде Қазақстанда Тәжікстанмен бірлескен 418 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 416-сы шағын бизнес.

Нұралы Бөкейханов, "Qaztrade" АҚ БАС директоры:

- Оңтүстікке қарасақ, біздің өнім Өзбекстан арқылы Ауғанстан мен Пәкістанға шығады. Ал шығыста Қытай бар. Батыс Каспий теңізі арқылы және Ресей арқылы Еуропа елдеріне шығарамыз. Қазақстан үшін бұл жаңа бағыт емес. Бірақ Тәжікстан кәсіпкерлеріне Қазақстан - үлкен логистикалық хаб.

Форумның екінші бөлігінде жалпы құны 2 млрд АҚШ долларына тең келісімшарт рәсімделді. Айта кеткен жөн, екі ел арасындағы бизнес-форум Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өткізілді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов