Ерлан Қарин Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бүгін халықтың қаһарман батыры Рақымжан Қошқарбаевтың рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Іс-шараға қатысушылар Рейхстагқа ту тіккен батырды бір минут үнсіздікпен еске алды. 18 жастағы Рақымжан Қошқарбаев алдымен Көкшетаудағы атқыштар полкінің, кейін Фрунзедегі жаяу әскер училищесінің дайындығынан өтеді. 1944 жылы майданға аттанған.
Рейхстагты алу кезінде ол Григорий Булатовпен бірге бірінші болып, жеңіс туын тігеді.
Бауыржан Момышұлының рухына тағзым
Сондай-ақ елордада Кеңес Одағының даңқты батыры, дарынды қолбасшы әрі жазушы Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етілді. Батырдың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне Президент әкімшілігінің жетекшісі Олжас Бектенов қатысты. Мәскеу үшін шайқаста ерен ерлік көрсеткен майдангер қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Жауынгер қаламгердің "Ұшқан ұя", "Мәскеу үшін шайқас", "Майдан" сынды шығармаларының өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәнісі зор.