Қазақстан мен Қытай әріптестіктің бірегей қарым-қатынасын қалыптастырды
Қазақстан мен Қытай екіжақты стратегиялық әріптестіктің бірегей қарым-қатынасын қалыптастырды.
Алайда, өз шешімін таппаған мәселелер де бар.
Қазақстан мен Қытай басшылары екіжақты қатынастың "алтын 30 жылдығын" жариялады. Коронавирус тудырған кедергілерге қарамастан, ынтымақтастық одан әрі дамиды, дейді сарапшылар.
Чжан Нин, ҚХР қоғамдық ғылымдар академиясы орталық Азия мен Кавказды зерттеу бөлімінің басшысы:
- Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қытай басшыларының бірнеше ұрпағы Қазақстан билігімен достық қарым-қатынасты сақтап келеді. Барлық сала бойынша ынтымақтастық еркін алға жылжуда. Енді біз пандемия кезінде жоғалған үш жылды қуып жетуге тырысамыз.
Қытай мен біздің ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 24 млрд доллардан асып, рекордтық межеге жетті. Ал қаңтар-наурыз айларында бұл көрсеткіш тағы 30 пайызға өсті. Сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды ілгерілету мақсатында 30 күнге өзара визасыз режим келісімі жасалды.
Чжан Нин, ҚХР қоғамдық ғылымдар академиясы орталық Азия мен Кавказды зерттеу бөлімінің басшысы:
- Біз, Қазақстанды зерттеу жөніндегі сарапшылар, виза мәселесі екі ел арасындағы байланысты одан әрі ілгерілетуді қалай шектейтінін түсінеміз. Визасыз режим адамдар арасындағы байланысты нығайтады. Бұл өз кезегінде капиталдың, технологияның, тауар түрлерінің және адамдардың еркін қозғалысына ықпал етеді.
Визалық шектеулердің алынып тасталуы қытайлық саяхатшылардың Қазақстанға туристік ағынын арттыра ма? Әзірге Қытай тұрғындары үшін танымал бағыттар –Оңтүстік-Шығыс Азия, Мальдив аралдары, Фиджи, Ресей және араб әлемі болып қалып отыр.
Чжан Нин, ҚХР қоғамдық ғылымдар академиясы орталық Азия мен Кавказды зерттеу бөлімінің басшысы:
- Статистикаға сәйкес, Қазақстанға былтыр біздің елден 300 мыңнан астам сапар тіркелді. Егер визасыз режим қосылса, жағдай өзгеруі мүмкін, деп үміттенеміз. Қазақстан мәдени жағынан да, туристік жағынан да өте бай ел. Қытай азаматтарының қызығушылығы бар. Сонымен қатар, ел Еуразияның орталығында орналасқан, Азия мен Еуропаны байланыстырады.
Туризм уақыт еншісінде десек, екі елдің бизнес-ынтымақтастығы қарқынды дамып жатқаны анық. Мәселен, Сианьда сауда-экономикалық миссияға қатысу үшін қазақстандық компаниялар мен қытайлық кәсіпкерлер бас қосты. Ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету – басты мақсат, дейді олар.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Ботагөз Сырғабаева