Президент мемлекеттік сапармен Қытайға барды
Қытайға мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Сиань әуежайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Жоспар бойынша Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Қос ел басшылары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайуды, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларында ынтымақтастықты кеңейту жайын талқылайды. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселесі де қарастырылады. Қасым-Жомарт Тоқаев 18 мамырда Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі. Президент сапар аясында Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне барады. Сонымен қатар, еліміздің Бас консулдығының салтанатты ашылуында бой көрсетеді. Ал жұма күні "Орталық Азия – Қытай" саммитіне қатысады.