Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қатынастар дами түспек
Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстанның логистика орталығы ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ертең іргетасы қаланады. Бұл – арадағы экономикалық қатынастың жаңа деңгейі. Сөйтіп, 2030 жылға қарай Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық көлемін 40 млрд долларға жеткіземіз. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Бүгін Президент Қытайға барды. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрші елге екінші мемлекеттік сапары. Қытай тарапы бар сән-салтанатымен күтіп алды. Осыдан соң Президент Қытай Халық Республикасының Төрағасымен келіссөз жүргізді. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев біздің ел Қытайға жіберетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүдделі екенін жеткізді. Тек былтыр агротауардың өзара сауда-саттық көлемі 780 млн доллардан асқан. Қазақстан бұршақ дақылдарын, жоғары сапалы әрі экологиялық таза мұздатылған сиыр және қой етін жеткізуге дайын. Кездесуде Президент Төраға Си Цзиньпиннің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.
Осыдан соң Президент көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық бағдарының әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынды.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:
- Осындай айтулы күні сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет.