Қазақстан мен Қытай қандай келісімге келді?

Қазақстан мен Қытай Үкіметтері өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі ел Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытады. Қасым-Жомарт Тоқаев арадағы тауар айналымының көлемін 40 млрд долларға жеткізуді ұсынды.

Яғни, ортада тасымалданатын тауар мөлшері ұлғаяды. Президенттің Қытайға мемлекеттік сапары аясында жиыны 20-дан аса жаңа құжат бекіді.

Сиань әуежайы. Бірінші борт Қытайға түс ауа келіп қонды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапармен алғаш рет 2019 жылдың қыркүйегінде келген. Яғни, бұл – көрші елге екінші мемлекеттік сапары. Саясаттағы ең мәртебелі сапар – осы. Сондықтан қарсы алу да ерекше. Халықаралық протоколда кездесе бермейтін көріністің куәсі болдық. Қытай тарапы қазақ басшысын бимен қарсы алды. Сұрағанымызда «мұндай салтанатты сирек ұйымдастырамыз», - деді. Демек бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген айрықша құрмет.

Чжан Чуань, «Цзефан Жибао» газетінің журналисі:

- Шынымен Президент Тоқаев мырзаны біздің тарап жылы қарсы алып жатыр. Себебі елімізге сенімді көршіміз, досымыз келді. Қытай Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Мұны осы күндері жергілікті БАҚ өкілдері де жазып жатыр.

3 күндік сапар Сианьда өтеді. Бұл – Қытайдың солтүстік-батысындағы ең үлкен қала. Шамамен 12 млн адам тұрады. Тарихы тым тереңде жатқан көне шаһар. 

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Сиань – Афина, Рим сынды әлемдегі ең көне қала. Осыдан 3100 жыл бұрын іргесі қаланған. 13 династия алмасқанша мың жылдан артық Қытайдың астанасы болған шаһар. Мәдениет пен тарихқа бай. Әрі сауданың орталығы. Бұлай дегенім, «Ұлы жібек жолы» дәл осы Сианьннан бастау алған.

Сондықтан Төраға Си Цзиньпиннің әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевты Сианьда қарсы алуы бекер емес. Себебі жаһанда жағдай ушыққан тұста жаңа сауда жолдарын белгілеу маңызды. Ал жоғарыда айтқанымдай, халықаралық сауда саясатында Сианьның рөлі ерекше.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

- Осындай айтулы күні сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет.

Ынтымақтастық нығаяды. Әсіресе экономикада. Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстанның логистика орталығы ашылады. Ертең іргетасы қаланады. Бұл – сөзсіз арадағы экономикалық қатынастың жаңа деңгейі. Сөйтіп, 2030 жылға қарай Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық көлемі 40 млрд долларға жетеді. Қазір бұл – 31 млрд доллар. Ол үшін әлеует мол. Бастысы,  байланыс берік.

Қытай Қазақстанның тыныштығына мүдделі. Себебі «Бір белдеу – бір жол» жобасы біздің ел арқылы өтеді. Сонымен қатар қытайлықтар біздің ауыл шаруашылығы өніміне қызығушылық танытып отыр.

Тек былтырдың өзінде агро тауардың өзара сауда-саттық көлемі 780 млн доллардан асқан. Президент бүгін Қазақстанның бұршақ дақылдарын, жоғары сапалы әрі экологиялық таза мұздатылған сиыр және қой етін жеткізуге дайын екенін атап өтті.

Хуан Даюань, Қазақстанды зерттеу орталығының директоры:

- Қазақстан мен Қытай арасында тауар құрлық арқылы тасымалданады. Енді алдағы уақытта әуе қатынасына көңіл бөлу қажет деп ойлаймын. Бүгінде Сиань-Астана және Сиань-Алматы арасында жолаушы ұшағы қатынайды. Енді мұнымен шектелмей, әуе бойынша тауар тасуды да жолға қою керек. Себебі ортада сауда айналымы артып келеді.

Сауда айналымына арта беретіні анық. Себебі бүгін Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасында өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

- Визасыз режим – бұл сөзсіз Қытаймен үлкен алып экономикалық мемлекетпен дұрыс қарым-қатынас орнату деген сөз. Яғни, біздің іскер кәсіпкерлеріміз барып, ол жақтан тиісті жаңа технологиялар, зауыт, фабрикаларын үйреніп немесе сауда-саттық келісімдерін орнатуға мүмкіндік алып отыратын болса, бұл деген – құба-құп мәселе. Бұл жерде екінші жағынан, геосаяси, геоэкономикалық жағынан Ресеймен салыстырғанда тепе-теңдіктің сақталуы аймақтық деңгейде. Яғни, тек Ресейдің тауарлары емес, Қытайдың да еуростандартқа сәйкес сапалы тауарларының келуіне де мүмкіндік ашылады деген сөз.

Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағдарын бірлесіп дамытады. Әсілінде көлік бағдарын өзгерту деген осы. Сосын біздің елде Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының филиалы ашылуы мүмкін. Президент осындай ұсыныс білдірді.Жалпы қазір екі ел де барлық сала бойынша серіктестікке серпін беріп жатыр.

Бұған дәлел, бүгін 23 құжатқа қол қойылды. Ал ертең Президент қытайлық компаниялардың басшыларымен кездеседі. Онда да бірталай мәміле жасалары анық.