Қазақ киносы қиянат көріп отыр
Бұл бір топ киногерлердің жанайқайы.
Олардың айтуынша, Ұлттық киноны қорғау мемлекеттік орталығы бюджет қаражатына түсірілетін кинолар конкурсын әділетсіз өткізген. Наразы топ 22-25 мамыр аралығында болатын конкурсқа қатысатын киножобаларды ашық қорғауды тоқтатуды талап етіп отыр. Ал орталық өкілі конкурстық іріктеу Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен ереже аясында жүргізілгенін алға тартты.
Киножобалары іріктеуден өтпей қалған наразы киногерлер журналистерді шақырып, баспасөз мәслихатын өткізді. Сөз алған танымал режиссер Рүстем Әбдірашев, іріктеуге үш рет қатысып, өте алмағанын алға тартты. Автордың 30-жылдардағы ұжымдастыру, аштықтың азабы туралы «Зергер» киножобасы сараптама кеңесінің назарынан тыс қалған.
Рүстем Әбдіраш, режиссер:
- Әр жолы әртүрлі сылтаулар айтылып, бізді өткізбеді. Алғаш рет комиссия мүшесі болғаным кедергі болды. Келесі жылы мен комиссия құрамынан шықтым. Жаңа министр келді, тағы да жаңа өзгерістер. Енді міне үшінші жыл жоба мемлекеттік қаржыландыруға лайық емес болып шықты. Ұлттық киноны қолдау орталығының жұмысы жүйесіз, сондықтан, қатысушылардың жартысынан көбі ашық қорғауға қатыса алмады.
Биыл конкурстық іріктеуге кинокомпаниялардан 283 өтінім келіп түскен. Олардың 130-ы іріктеуден өтіп, киножобаларын ашық қорғауға мүмкіндік алса, 153-і өтпей қалған. Киногерлердің айтуынша, іріктеу - киносценарийдің маңыздылығына емес, құжатбастылыққа басымдық берген сыңайлы. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қисынға келмейтін ережелері, ұтымды жобалардың жолын кесіп отыр, - дейді наразы топтың өкілі Азамат Шарғын.
Азамат Шарғын, актер:
- Өтініш берушінің құжаттарында қандай да бір қате ақпарат кеткен жағдайда дейді. Қате ақпарат деп бұлар жалпылама айтады. Бірақ ол жерде ешқандай нақтыланбаған. Қате ақпарат деп нені санайды олар. 001640 Орталық басшылары мен қызметкерлері қате ақпарат деп кез келген ақпаратты айтып, өздерінің өзім білемдікке салып, өздеріне қолайлы емес жобаларды ысырып тастауға мүмкіндіктері бар. Өйткені ереже солай жасалған.
Amanat партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras кеңесі екіге жарылған киногерлерді тыңдап, мәселенің мәніне үңілді. Кілтипан Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында емес Мәдениет және спорт министрлігінде екен.
Қанат Төребай, ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының кеңесшісі:
- Талаптар дұрыс емес болуы мүмкін, шарттар дұрыс емес болуы мүмкін, бірақ ол орталықтың құзіретінде емес, ол қағаз мәдениет және спорт министрлігінен түседі, біз оны тек қана орындаймыз.
Іріктеу нәтижесімен келіспейтін киногерлер алдағы 22-25 мамыр аралығына жоспарланған іріктеуден өткен киножобаларды ашық қорғауды тоқтатуды талап етті. Тәуелсіз комиссия құрылып, іріктеуге қатысқан киножобалардың құжаттарын қайта қарауды ұсынды.
Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Радик Джакупов