Қытай Қазақстанда қандай зауыттар салады?
Қытайлық компаниялар Қазақстанда бірнеше зауыт салады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Екі ел арасындағы мұнай құбыры кеңейтіледі. Әрі тараптар құрлықтағы көлік дәліздерін бірге дамытады. Президенттің Қытайға мемлекеттік сапары аясында жалпы құны 22 миллиард доллардың құжаттарына қол қойылды.
Сапардың екінші күні. Мемлекет басшысы қытайлық ірі компаниялардың басшыларымен кездесіп жатыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің кешегі келіссөзінен түйгеніміз, Қазақстан мен Қытай алдағы жылдары іскерлік байланысты нығайтуға басымдық береді. Мұны қытайлық БАҚ өкілдері де жазып жатыр. Мәселен, Чайна Дэйлстің бүгінгі санында осы тақырыпта мақала шыққан.
Іскерлік байланыс бүгін де біраз талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық жиынына қатысты. Қытайлық бизнестің алыптарымен болған бас қосуда бастан-аяқ қазақша сөйлеген Мемлекет басшысы 7 салаға тоқталды. Алғашқысы – энергетика. Мұнай экспортын көбейту үшін Қазақстан мен Қытай арасындағы құбыр кеңейтіледі. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді мұнай құбырының екінші желісі салынады. Ал Қашаған кен орнында жылына 4 миллиард текшеметр газ өңдейтін зауыт пайда болады. Баламалы энергия бойынша да жобалар қолға алынуы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық бизнес өкілдерін осы салаға инвестиция салуға шақырды.
Баламалы энергияда байланыс нығаяды
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекет бұл салаға инвестиция салуға жан-жақты қолдау көрсетеді.
Мыс қорыту зауыты салынады
Екінші айтылғаны - өнеркәсіп. Бұл салада да ірі жоба бар. KAZ Minerals және NFC компаниялары мыс қорыту зауытын салады. Нәтижесінде елде мыс концентратын түгелдей өзіміз өңдейміз.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Ол мына Қостанайда салуды жоспарлап отырмыз. Ең үлкен инвестициялардың бірі. Ал одан басқа мынау мыс концентратын экспортқа шығармау. Болат өндіру негізінде әрқашанда болған. Бірақ бізде технология бірінші рет қолға алынып жатыр. Басты мәселесі осы уақытқа дейін экспортқа шығарып отырғанбыз. Соны экспортқа шығармай, өзімізде өңделеді. Зауыт 26 жылға дейін салынады.
Екі ел кен орындарын бірлесіп барлайды
Бізде сирек кездесетін металдардың мол қоры бар. Сондықтан кенді өндірудің және өңдеудің озық технологиясын енгізуге мүдделіміз. Мемлекет басшысы осы іске қытайлықтарды шақырды.
Кен туралы кеңірек. «Қазмұнайгаз» қытайлық Синапэк компаниясымен барлау ісі бойынша келісімге келді. Енді еліміздің 17 аумағында мұнай мен газға барлау жүргізіледі. Яғни алдағы уақытта жаңа кен орындары анықталуы мүмкін.
Атырауда ең ірі полиэтилен зауыты салынады
Тағы бір жаңалық - Атырау облысында әлемдегі полиэтиленнің 1,5 пайызын шығаратын ең ірі зауыт салынады. Жоба құны 11 млрд доллар. Құрылысы келесі жылы басталады.
Мағзұм Мырзағалиев, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы:
- Біз бүгін ресейлік Симур және қытайлық Синапэк компаниясымен полиэтилен жобасы бойынша нақты келісімге қол жеткіздік. Бұл жобаның аясында Атырау облысында 1 млн 250 мың тонна полиэтилен шығаратын зауыт салынады. Қазіргі таңда жұмыстар басталды. Осы келісімнің аясында Қазмұнайгаз 40 пайыз, ресейлік Симур және қытайлық Синапэк әрқайсы 30 пайыздан кіретін болады. Бұл жоба біздің өңір үшін ғана емес, әлемдегі ең ірі жобалардың бірі болып салынады.
Қытайға экспортталатын азық-түлік көлемі артады
Көршілеріміз агро салаға да инвестиция салуға құлықты. Қытайдың ірі кәсіпкері Қазақстанда мал өсіргісі келеді.
Серік Жұманғарин ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:
- Ет шаруашылығымен айналысатын ең ірі Форбсқа кіретін Қытайдың инвесторы қызығады. Мал шаруашылығымен айналысуға инвестиция салуға. Екінші компания сретификациямен айналысады. Қазақстанда бір үлкен сертификациялық центр құрып, қазақстандық стандарты қытайлық стандартпен сәйкес бірден қазақстандық өнімдерді тексеріп, Қытайға жеңіл жол беруге.
Ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін саланың бірі осы – агроөнеркәсіп. Қытайға жуырда бір миллион тонна бидай жеткізу жөнінде келісім жасалды. Оның көлемі арта береді. Жалпы соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5, ал өсімдік майы 2 есеге көбейген. Бұл Қытайдың азық түлікке деген сұранысының өскенін аңғартады.
Аман Мамбетәлиев, саясаттанушы:
- Геосаяси өзгерістер бойынша агро сала бойынша біраз дефицит пайда болады жақында. Австралия, Филлипины, Үндістан мемлекеттеріне баланс азайып, біраз продукты жетіспей қалатын түрі бар. Оны біздің Қазақстанның агрофакторына қарайтын болсақ, ол да үлкен мүмкіндік. Үлкен рынок, 1,5 млрд адам бар.
Жамбылда көкөніс кептіретін зауыт салынады
Өзімізді қантпен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. Осы ретте Мемлекет басшысы Қытай компанияларын Қазақстанда қант өндірісін дамытуға шақырды. Хош. Тағы бір жаңалық - қытайлық компаниялар елімізде тамшылатып суаруға қажетті технология шығаратын зауыт пен Жамбыл облысында көкөніс кептіретін кәсіпорын салады.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Біріншіден Ванлин компаниясы ол негізі әлем бойынша белгілі үлкен компания. Ауыл шаруашылығында көнөністерді құрғатып, дигратация жасап, әлемге шығаратын өнімді шығаратын компания. Сол компания сол компания біздің Жамбыл облысында біз үлкен зауыт саламыз деп келісімшартқа қол жеткізіп отырмыз. Ол зауыт Жамбыл облысында соғылып, сол зауытта пияз болсын, басқа көкөніс болсын солар кептіріліп, дигратация жасап, алыс нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Мен Қытай құрлықтағы дәлізді бірге дамытады
Агро саладан кейін айтылғаны - құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту. Бұл аса өзекті мәселе. Төңірік пен жаһанда жағдай ушыққанда жаңа сауда жолдары керек. Қазақ пен қытай бұл бағытта да байланысты бекемдеуге мүдделі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор.
Екі ел көпжақты байланысты нығайта түседі
Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың бірі. Құдайы көршімізбен байланыс нығая бермек. Бұған кешеден бері жасалған қыруар келісім дәлел.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы, менің Қытайға мемлекеттік сапарым ойдағыдай өтті деп сеніммен айтуға болады. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа зор серпін береді. Қазақстан Қытаймен көпжақты байланыстарын одан әрі нығайтуға мүдделі.
22 млрд доллардың құжатына қол қойылды
Қытай әлемнің екінші экономикасы. Сондықтан бұл жақпен қатынастың қарымтасы көп болады. Сюжетті санмен түйіндесек. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Оның бірсыпырасын айттық. Бұл келісімдерде де өзіміздің есеп һәм мүдде жатыр.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы