Президент: Төраға Си Цзиньпинмен өте мазмұнды келіссөз жүргіздік
Саммиттен соң Президент еліміздің Сиань қаласындағы Бас консулдығын ашты.
Бүгінде Сиань «Бір белдеу, бір жол» экономикалық белдеуінің маңызды бекеті. Шэньси өлкесі және Сиань қаласы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Қазақстан облысымен және Шымкент қаласымен бауырластық қатынас туралы келісімге қол қойылды. Енді бұл дипломатиялық мекеме осы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызмет етпек. Мемлекет басшысы Бас консулдықты қысқа мерзім ішінде ашуға қолдау көрсеткені үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді. Және көрші елге мемлекеттік сапарының нәтижелі болғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Төраға Си Цзиньпинмен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ бірлескен мәлімдеме жасалды, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Шын мәнінде бұл сапар қазақ-қытай ықпалдастығының «30 жылдық алтын дәуірін» бастады деуге болады. Әрине бұл сапардың мән-мағынасы ерекше.
Бүгін ашылған бас консулдық дипломатиямен қатар Сианьда отандық бизнестің тасын өрге домалатуға міндетті. Осы мақсатта жаңа ғимаратқа еліміздегі ұлттық компаниялардың өкілдігі орналастырылады.
Жошыхан Қыраубаев, ҚР Сиань қаласындағы бас консулы:
- Әр өкілдік өздігімен жұмыс істеген жағдайда бұл өкілдіктердің жұмысы өз бағытымен жүреді. Ал бас консулдықпен жұмыс істейтін болса біз қолымыздан келген заңды көмек көрсетеміз және жергілікті әкімшіліктермен арасында жолды ашуға біздің мүмкіндігіміз болады.