Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары келісім жасады
Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Енді Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Монғолия мемлекеттері өзара кәсіподақ арқылы турист алмасады. Бұл кәсіподаққа мүше еңбеккерлерге осы 5 елдің шипажайлары мен демалыс орындарына барып сауығуына мүмкіндік береді. Бұл туралы Астанада өткен Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің үшінші отырында айтылды. Кездесу барысында жастарды кәсіподақ қатарына тарту, бірыңғай коммуникациялық стратегиясын қалыптастыру және Орталық Азия аймағындағы туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Шараға Әзірбайжан, Түркіменстан және Түркия кәсіподақтарының мүшелері де қатысты.
Сатыбалды Дәулеталин, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
- Бірыңғай сауықтыру-демалу картасын қалыптастырайын деп жатырмыз. Сол карта арқылы әр кәсіподақ мүшесі қай елдің кәсіподағында болса да, олар осы 5 елдің аумағында демалуға, денсаулығын сауықтыруға мүмкіндік туады. Ол жерде олар үшін кейбір жеңілдіктер қарастырылатын болады.