Қ. Тоқаев Мәскеудегі II Еуразиялық экономикалық форумына қатысты
Мәскеуде Екінші Еуразиялық экономикалық форум өтті.
«Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты жиынның негізгі пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жиында сөз алған Мемлекет басшысы алдымен Еуразиялық экономикалық одақтың инфрақұрылымдық әлеуетіне тоқталды. Ал Одақ елдері арасында барыс-келіс пен алыс-берісті арттыру үшін кедендік кедергілерді де жою қажет. Өкінішке қарай ондай мәселелер әлі күнге дейін бар.
Осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын айқындау барысында міндетті түрде ескеру керек дүниелерді атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кез-келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек. Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің Одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді. Яғни, «төрт еркіндік» және инфрақұрылымға тең дәрежеде қол жеткізу, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек.