Мәскеуде ІІ Еуразиялық экономикалық форум өтті
«Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты жиынның негізгі пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қасым-Жомарт Тоқаев форум өтетін Мәскеудің «Зарьядье» концерт залына мәртебелі меймандардан алғашқылардың бірі болып келді. Мемлекет басшысын Ресей Президенті Владимир Путин қарсы алды. Біздің Президенттен бөлек, бұл жиынға Қырғыз басшысы Садыр Жапаров пен Беларусь президенті Александр Лукашенко қатысты. Жиында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Еуразиялық экономикалық одақтың инфрақұрылымдық әлеуетіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл тұста біз бірден 2 деңгейде жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқысы одақ елдері арасындағы интеграция болса, екіншісі – халықаралық, яғни, үшінші мемлекеттермен байланыс. Шығыста Қытай Халық Республикасының «Бір белдеу, бір жол» жобасы маңызды болса, Еуразия кеңістігінде Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы жол зор сұранысқа ие. Сондықтан осылардың өзара байланысын күшейту керек.
Одақ елдері арасында барыс-келіс пен алыс-берісті арттыру үшін кедендік кедергілерді жою қажет. Ал ондай мәселелер әлі күнге дейін бар. Осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын айқындау барысында міндетті түрде ескеру керек дүниелерді атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кез келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек. Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің Одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді. Яғни, «төрт еркіндік» және инфрақұрылымға тең дәрежеде қол жеткізу, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы интеграцияның жемісін қарапайым халық көру керектігін де тілге тиек етті. Ал, ең бастысы, бұл ұйымның ешқандай саяси астары болмауы қажет екенін тағы бір рет еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Одақ тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады. Біз үшін 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие.
Президенттің пайымдауынша, қазіргі бар мәселелерді шешу үшін әрі болашаққа сеніммен қадам басу үшін одақтың маңына бейтарап көзқарастағы білікті дипломаттар мен білімді сарапшылар топталуға тиіс. Ал ең маңыздысы, одаққа мүше мемлекеттердің мүддесі тең болуы қажет. Сонда ғана одақтың әлемдегі абыройы артып, әлеуеті күшейеді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков.