Сенаторлар заңсыз шығарылған активтерді қайтару тетіктерін талқылады

Сенат депутаттары Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару үшін қабылданатын заң жобаларының сапалы шығуына белсенді атсалысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоғары палатаның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қаржылық мониторингі агенттігімен бірлесе отырып, Алматы қаласында көшпелі отырыс өткізді.

Көшпелі отырыстың Алматыда өтуі бекер емес. Алматы – ел бюджетіне салық түсімдерін көп беретін шаһардың бірі. Бүгінгі жиынға мемлекеттік орган өкілдерімен бірге үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі тапсырмасына сәйкес Парламент депутаттары әзірлеген 5 заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізілген болатын.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ол жерде негізінен негізгі заң өзі жаңағы тікелей сол атауы қаржыны қайтару тетіктеріне байланысты. Оған қосымша ілеспе заңдар болады. Әкімшілік кодексіне, салық кодексіне байланысты, басқа да жаңағы сол заңның аясындағы заңның толыққанды жұмыс істеуіне қатысты нормаларды сәйкестендіру мәселесінде. Ертең коллизия болмау үшін.

Бас прокуратура жариялаған соңғы дерекке сүйенсек, мемлекетке 760 млрд теңгеден астам сомаға активтер қайтарылған. Оның ішінде 575 млн доллар шетелдік юрисдикциялардан. Бұл жұмыс жалғаса береді. 

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенаты комитетінің төрағасы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, бұл қаражат мектеп, аурухана құрылысы сынды әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалады. Көлеңкелі бизнестің алдын алуда Экономикалық тергеу департаментініңде жұмысын атап өткен жөн. Мұндай қылмыстар көзге көрінбегенімен, сараптамалық жұмыстар оң нәтиже беріп отыр.

Кездесуде ұлттық қауіпсіздікті қорғау мен экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін құрылған Қаржылық мониторингі агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысын жетілдіру де сөз болды.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев.