Мәжіліс депутаты жолдардың нашар жағдайына тоқталды
Аймақтардағы негізгі шешілуі тиіс мәселе – ауыл мен қаланы жалғайтын жолдар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі ол – халық тұрмысының жақсаруының басты кепілі. Мәжіліс отырысында депутат Ерболат Саурықов осындай мәселе көтеріп, Премьер-министрдің бірінші орынбасарына депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, тиісті мөлшерден артық салмақпен құм, тас, шағал және кірпішті тиеген жүк көліктері азаймай тұр. Олар тасжолдарды тоздырып жатыр. Осы ретте Мәжілісмен Роман Склярға ауыр жүк көліктеріне рұқсат етілген салмақтан артық затты тиегені үшін айыппұл мөлшерін бірнеше есеге көбейту керектігін айтты.
Сондай-ақ Көлік комитеті мамандарының жетіспеушілігі мәселесін қайта қарап, оны шешу жолдарын ұсынуды сұрады.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Елімізде бүгінде 400 мыңнан астам ауыр жүк көліктері тіркелген. Осыдан туындайтын негізгі сұрақ: аталған жүк тасымалдайтын көліктер жолдардың осьтік жүктемесі мен оның нормаларын сақтай ма? Бұл тақырып – ондаған жылдар бойы өз шешімін таба алмай келе жатқан, күрделі әрі көкейтесті мәселе. Осы жолдар бүгінгі күнде ауыл-аймақтардың алыс-беріс, барыс-келіс мәселесін шешіп, халық тұрмысының жақсаруының басты кепілі болыр отыр.