Қазақстан ШЫҰ-да төрағалық етуін бастайды
Қазақстан 4 шілдеде Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын бастайды.
Қазіргі уақытта Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысына дайындық жүріп жатыр. Ол жайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі жөніндегі Ұлттық үйлестіруші Мұрат Мұқышев баяндады. Саммитте маңызды саяси шешімдер қабылданады: Иран ұйымға мүше елдердің қатарына қосылады. Беларусьтің ұйымға мүшелікке өту туралы келіссөздері жалғасады. Мальдив, Мьянма, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейт ұйымның диалог бойынша әріптестерінің тізімін толықтырды. Ұйымға мүше мемлекеттердің көп жақты ынтымақтастық бойынша әрі қарайғы жоспарлары мен халықаралық және аймақтық мәселелерге берілген баға Нью-Дели декларациясында қамтылып, ол Саммиттің негізгі құжатына айналады. Ал Алматы қаласы 1 жыл бойы ұйымның мәдени және туристік астанасына айналады. Жалпы Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына үшінші рет төрағалық еткелі отыр. Биыл елімізде ұйым жұмысы бағытында 70-тен аса шара ұйымдастырылады. Төрағалық кезеңі келер жылы Астана қаласында өтетін саммитпен қорытындыланады.
Мұрат Мұқышев, ШЫҰ Қызметі мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіруші:
- Бір жыл ішінде Қазақстанда түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Әрине төрағалық ету кезінде Қазақстан күш-жігерді өзара іс қимылдың барлық бағыттарын әсіресе қауіпсіздік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды теңгерімді дамытуға, сондай-ақ ШОС-тың қызметін жетілдіруге бағытталатын болады.