Президент Корея Республикасының Сыртқы істер министрін қабылдады

Ақорда

Мемлекет басшысы Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Чжинді қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Қазақстан мен Корея арасындағы сауда, инвестиция және технология салаларындағы өзара қарым-қатынастардың, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, қазір KIA автомобиль өндірісі, Hyundai зауытының жұмысы, ферроқорытпа және болат өндірісі, «Ақылды ферма» жобасы және басқа да бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Оңтүстік Корея дипломаты Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел Президенті Юн Сок Ёльдің сәлемін жеткізіп, Қазақстанмен екіжақты және аймақтық негіздегі серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өздеріңізге мәлім, Корея біз үшін Азиядағы негізгі серіктестердің бірі ретінде өте маңызды. Екіжақты ынтымақтастық бағытындағы барлық жетістікті жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар өзара сауда көлемі 6 миллиард доллардан асқанына өте қуаныштымын. Дегенмен бізде мол мүмкіндік бар. Оны болашақта пайдалану қажет. Сондықтан сіздің бұл сапарыңыз – өзекті халықаралық мәселелер жөнінде өзара пікір алмасу үшін жақсы мүмкіндік. Қазақстан мен Кореяның негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары ортақ. Халықаралық аренада да, екіжақты форматта да бізді жақындата түсетін көптеген ортақ істеріміз бар деп сенемін.

Пак Чжин, Корея Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Біз Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды және заң нормалары мен демократиялық құндылықтарды нығайту жөніндегі сіздің жеке күш-жігеріңізді қолдаймыз. 1992 жылы дипломатиялық қатынас орнағаннан бері екіжақты серіктестігіміз жақсы дамып келеді. Әсіресе 2009 жылы стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойылғаннан кейін қарқынды дами түсті. Осыған байланысты қарым-қатынасымызды нығайту үшін одан әрі ілгерілеуді жалғастырамыз. Біз тек дәстүрлі салада емес, цифрлық технологиялар, денсаулық сақтау, энергетика және қоршаған ортаны қорғау секілді жаңа салаларда да тығыз серіктестікті дамытып жатырмыз.