Шымкент халқы нәубет құрбандарын еске алды
Шымкент халқы да 30-жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшарып, ашаршылық нәубетін тартқан құрбандарды еске алды.
Қасірет мемориалына жиналғандар жазықсыз жапа шеккен боздақтардың рухына тағзым етіп, өткен күнге салауат айтты. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен жазушылар арнайы қатысты.
«Қасірет» мемориалы қобыздың қоңыр үніне бөленді. Жиналғандар ел тарихындағы ең азалы кезеңді, аласапыран жылдар мен жазықсыз жапа шеккендерді үнсіз еске алды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия, жинақталған құнды материалдарды жариялауға әзір. Мамандар архив беттерін ақтарып, құпия мағлұматтарды зерделеп шықты. Тіпті боздақтардың ұрпақтары бөліскен естеліктерінен «Халық жады» кітабын жазып шықты. Алдағы уақытта орталық кітапханаларда үш томдық жинақ жарық көреді.
Гүлнар Жанысбекова, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның топ жетекшісі:
- Осы комиссияның үшінші жылында біз толық түрде ақтауға көптеген құжаттарды береміз. Мыңнан аса адамның аты-жөні белгілі. Осы жазда біз құпия қорларда кеңінен зерттеу жүргізіп, соңғы дәлелдерімізді беруге дайындалып жатырмыз.
Қайрат Алтынбековтың атасы ашаршылық жылдарында жұртқа жәрдемші болды. Еңбекке тартып, ас-ауқатпен қамтуға көмектесті. Алайда ауыл белсендісі солақай саясаттың салдарынан қуғынға ұшырады. 1937 жылы қамауға алынып, 31-желтоқсанда ату жазасына кесілді. Еске алу шарасына бүгінгі ұрпақтары арнайы қатысып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Қайрат Алтынбеков, қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы:
- Негізінде ол Шәуілдірде селхоз управлениені көтерген. Ауылдың каналын қазған. Қазақтарды ашаршылық болған кезде нан шығарып, мақта егіп көтерген негізі. Бірақ 11 белсендіден 9 адам сол кезде кетті ғой. Соның ішінде менің атам бар.
Қызыл империяның екі жарым мыңдай құрбаны жазықсыз атылған орынға «Қасірет» мемориалы тұрғызылған. Мұнда құрбан болған боздақтарды еске алуға арналған «Темір тор», «Қара гранит тас» сияқты ескерткіштер қойылған.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов