Сенатор астық контрабандасымен күресуге шақырды
Елдегі астық кімдікі? Өзіміздікі ме, өзгенікі ме? Сенатор Андрей Лукин осыған түсінбей-ақ келеді.
Оның айтуынша, Ресейден келетін астық өнімдерін пайдалану есепке алынбайды. Оны ешкім бақыламайды. Соның кесірінен мемлекетке 660 млн теңгеден аса залал келген. Ал бұған экспорттаушылар не дейді?
2019-2022 жылдары еліміз 3,4 млн тонна астық импорттады. Оның жалпы құны – 207 млрд теңге. Алайда көрсеткіш бұдан көбірек болуы мүмкін еді. Сенатор Андрей Лукиннің сөзінше, бидайды салық төлемей, заңсыз әкелудің тұрақты жолдары қалыптасқан. Тіпті осы өнімді ЕАЭО-тан тыс жерлерге экспорттап отырғандар бар. Бұл үшін ел бюджетінен төлем де алады.
Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Құжаттамалық рәсімнен кейін трейдерлер өнімді қазақстандық тауар ретінде елден тысқары жерге экспорттады. Ал мемлекет бұларға бюджет есебінен қосымша құн салығын қайтарып берді. Жалған құжаттар бойынша бидайды заңсыз әкелудің схемасын құқық қорғау органдары да растады. Бүгінде Ресейден әкелінген тауардан төленбеген қосымша құн салығы түрінде мемлекетке 660 млн теңгеден аса залал келтірілген.
Ал Ұлттық бидай экспортшылары қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлібек Атайдың бұған өз уәжі бар. Ол жыл сайын Ресейден 2 млн тоннаға жуық заңсыз астық импортталатынына сенімді. Еліміздегі «жалған статистика» салдарынан контрабанданы жою мүмкін емес. Ол межелі санның орнын толтыру үшін шаруалар осындай әрекетке барады дейді.
Әлібек Атай, Ұлттық бидай экспортшылары қауымдастығы төрағасының орынбасары:
- Осы мәселені шешудің бір талабы – біздің ойымызша, шаруаларға заң жүзінде жаза қолдану. Бүгінгі таңда осы құйтырқы істердің кесірінен таза экспорттаушылар зардап шегіп жатыр. Өйткені шаруаларға ешқандай жаза қолданылмайды. Таза экспорттаушы дегеніміз ол салығын төлейді.
Ел аумағына ЕАЭО және үшінші елдерден көлікпен бидай әкелуге уақытша тыйым салынған. Заңсыз тасымалдың тыйылмай тұрғанын Ауыл шаруашылығы министрі де біледі. Ол бәсекелестерден ұтылмау үшін ішкі өнімділікті арттыруға кеңес береді.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Біздің уақытша тыйым енгізуіміз көлеңкелі нарықты азайтуға жол ашты. Қазір баға тұрақталды. Қазір сүт өнімдерінің импорты артқаны сөз болып жатыр. Бұған шаруаларымыздың мардымсыз жұмысы емес, көршілеріміздің валюта бағамы өзгеруі себеп. Олардың тауары теңгеге шаққанда арзандап қалды. Біз оның бәрін саралап отырмыз. Қажет болса, ЕАЭО мүшелері ретінде барлық шараны қолданамыз.
Сенатор Лукин Ресейден әкелінетін астық өнімдерін пайдалануды есепке алу және одан әрі бақылау жүйесінің болмауы мәселені күрделендіріп тұрғанын айтады. Ал экспорттаушылар тыйымның толыққанды орындалмауының тағы бір себебін атады.
Әлібек Атай, Ұлттық бидай экспортшылары қауымдастығы төрағасының орынбасары:
- Шекарада элементарлы түрде таразы жоқ. Қанша машина кіреді, олардың мөлшерін біз шамамен мөлшерлеп қана айта аламыз. Ал нақты оны өлшеп көрсетуге арналған құрылғы жоқ. Сол үшін нақты қанша бидай, егін, шемішке кіріп жатқанын нақты айта алмаймыз.
Енді Андрей Лукин Үкіметке ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларды есепке алу және бақылау процесін цифрландыруды, сондай-ақ өнімдерді көлеңкелі әкетудің жолын кесу жұмысын күшейтуге шақырды.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ырыстанбек Оспанов.