Петропавлда Сенат депутаттығына сайлау өтті

Осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысы атынан сайланған Гүлмира Кәрімованың қайтыс болуына байланысты жергілікті мәслихат депутаттары қайтадан таңдау жасады.

Өңірде түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 193 депутат бар. Оның 180-і саяси науқанға қатысты. Ал доданың өту барысын бұқаралық ақпарат құралдарымен үміткерлердің сенімді өкілдері қадағалап отырды. «Сайлау алды дайындық шаралары, үгіт-насихат жүмыстары заң талаптарына сай өтті», - дейді олар. Осылайша ҚР Парламенті Сенаты депутаты болып Әсем Рахметова сайланды. Ол 134 дауыс иемденді.

Сағындық Рахымжан, Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Сайлау күні белгіленгеннен кейін біздің облысымызда ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына 7 кандидат ұсынылды. Ол 7 кандидаттың біреуі тіркеуге дейін өз кандидатурасын қайтарып алды. Бір кандидат Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келмеді. Және тағы бір кандидат тіркеуге қажетті құжаттарын барлық көлемде ұсынған жоқ. Жалпы 4 кандидат тіркелді. 4 кандидаттың екеуі осы сайлаудың алдында өз кандидатурасын өз еріктерімен алып тастады.