Ердоған ұлықтаудан кейін шетелдік меймандарға ас береді
Түркияның 13-президенті болып сайланған Реджеп Тайип Ердоған бүгін ант береді.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Бір сағаттан кейін Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоғанды салтанатты ұлықтау рәсіміне өтеді. Оған әлемнің 78 елінен жоғарғы лауазымды кісілер келген. Оның 21-і президент, 13-і үкімет басшысы министрлер НАТО, Ислам ынтымақтастық ұйымы өкілдері, бастысы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары түгел төбе көрсетпек. Келелі рәсімге мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев та қатысады. Мемлекет басшысы Анкараға елдің 13-президенті Ердоғанның арнайы шақыртуымен келіп отыр. Еске сала кетейік, түркі тілдес меилекеттердің басшылары соңғы рет жер сілкінісінен кейін кезектен тыс саммит үшін осыдан бірер ай бұрын Анкарада бас қосқан еді. Президенттік сайлауда 27 миллион 834 мың 589 дауыспен жеңіске жеткен Ердоған “президенттік құжатын” жергілікті уақытпен 15:00-де Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің уақытша төрағасы Девлет Бахчелиден алды. Дәл қазір Ердоған, Ататүріктің жатқан жері Аныткабирдегі рәсімге қатысып жатыр. Содан соң Ердоған сағат 17:00-де Президенттік кешендегі «Ұлықтау рәсіміне» қатысады. Бештепе резиденциясына келген Ердоғанды атты әскерлер қарсы алады. Әскери шеру барысында 101 рет зеңбірек атылады. Биыл Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл. 101-де Ердоғанның кезеңін бастағанын меңзесе керек. Айтпақшы, Түркияның осымен үшінші рет сайланған 13-президенті Режеп Тайип Ердоған, “Түркия ғасырының” басталғанын мәлімдеді. Сөзінше, бүгін оның бірінші күні. Ұлықтау рәсімінен кейін президент Ердоған сағат 20:00-де Чанкая сарайында шетелдік қонақтарының құрметіне кешкі ас береді. Кешкі астан кейін президент Ердоған жаңа кабинет мүшелерін жариялайды деп күтілуде.