Мәжілістегі Үкімет сағатында ауыл-аймақты дамыту мәселесі қаралды
Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары газға қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қала және кент ішіндегі жолдардың 63 мың шақырымы көңіл көншітпейді. 89 мектеп апатты жағдайда. Ірі қалалар мен ауыл-аймақтардағы қордаланған осы сынды мәселелер бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында қаралды. Ұлттық Экономика министрі «елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесінің» орындалуы жайында баяндады.
Өңірлерге бөлінген қаражатқа Жоғары аудиторлық палата тарапынан бақылау жүргізу қажет. Себебі ауылдарда әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу мерзімі кешіктіріледі. Жобалық-сметалық құжатты әзірлеудің өзі сағызша созылады. Салдарынан құрылыстың құны өсіп, бюджетке салмақ артады, - деді депутат Нұртай Сабильянов. Сондай-ақ Мәжілісмендер министрліктер мен жергілікті әкімдерге трансферттердің жұмсалуы жайындағы мәліметтері үшін жауапкершілік бекітуді ұсынды. Себебі қаржыландыруда жүйелілік жоқ.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Әлеуметтік маңызы бар объектілерге бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына нақты бақылауды жасау қажет. Өйткені жергілікті бюджетті қазір жоғарғы аудиторлық палата тексере алмайды. Онда трлн-даған қаражат жатыр. Өңірлік стандарттар жүйесінің келесі кемшілігі – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар арасында үйлестірілген іс-қимылдың болмауы. Мәселен, көптеген негізгі салалар бойынша уәкілетті органдар жұмыс атқарылды деп есеп береді, одан кейінгі жұмысы жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде деп жауап береді.
Бірізділіктің болмауынан Жоғарғы аудиторлық палата былтыр сумен жабдықтау саласында бірқатар проблеманы анықтады. Елді мекенде нысанды қабылдау актісі болғанымен, іс жүзінде тұрғындарға су жетпеген. Бұл – Абай облысындағы Мақаншы ауылындағы бір ғана мысал.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жаңа стандарттар енгізген екенсіздер, көріп шықтық. Жалпы көп өзгерістер бар. Дегенмен мынадай сұрақ. Кеше әріптесім Бақытжан Базрбекпен Қызылорда облысында экологиялық апат аймағына барып қайттық, сонда мен байқағаным, қағаз бойынша кейбір ауруханалар, мектептер, стандиондар бар. Бірақ апаттық жағдайда немесе техникалық қамтамасыз етілмеген.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Біз енді сапалық жағынан өте қатты қарап жатырмыз. Осындай мәселелер көп, сіз дұрыс айтып кеттіңіз, орташа, деңгейі жаман емес көрсеткіштер. кейбір ауылдарда ол 100% қамтылған. Мысалы, Алматы облысында болғам, ол – өте бай ауыл, бірақ қосымша бірдеңені сұрап жатыр. Біз айттық, елде 6300 ауыл бар, әрине, бүкіл қаражат бәріне жетпейді. Біз оны дұрыстап үйлестіру керекпіз. Себебі әр ауылды минималды стандартқа көтеру керек. Содан кейін қаражат қалғанда қосымша қосамыз.
Әлібек Қуантыров барлық өңірді әлеуметтік нысандармен қамтуды тек республикалық бюджет есебінен жүргізу мүмкін еместігін айтты. Жергілікті қазына, кәсіпкерлер үлесі қарастырылады. Былтыр Өңірлік стандарттар жүйесінің көрсеткіштеріне қол жеткізу орта есеппен 55,7%-ды құрады. Қалаларда 87%, ауылдарда 55,3%. Ұлттық экономика министрлігі осылайша жыл сайын минималды талаптарға сәйкестікке мониторинг жүргізеді. Министр өмір сүру сапасы анағұрлым кенже аймақтарды атады.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Нысандармен және көрсетілетін қызметтермен барынша көп қамтамасыз етілу Алматы қаласында және Астана қаласында, сондай-ақ Павлодар облысында, Маңғыстау облысында және Алматы облысында байқалады. Көрсеткіштің төмендеу деңгейі Шығыс Қазақстан облысында, Батыс Қазақстан облысында және Жетісу облысында байқалады. Бұл базалық қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге қолжетімділік көрсеткіштері бөлігінде алшақтықтарды қысқарту, қала мен ауыл арасындағы диспропорцияларды барынша азайту қажеттігін тағы да дәлелдейді. Біздің мақсат – қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықты барынша азайту.
Ауыл-аймақта тозығы жеткен қоғамдық көлік пен жолдардың сапасына қатысты сын көп айтылады. Сондай-ақ 1,5 мыңға жуық ауыл халқы интернет игілігін көре алмай отыр. Ал шекара маңындағы елді мекендерде жағдай тіпті күрделі.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Осы шекаралық аудандардағы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне кері әсер ететін ең негізгі мәселе – ол сол аудандардағы шетелдік ұялы телефон опертаторларының жұмыс істеп тұрғаны. Мысалы, Зайсан, Марқакөл, Тарбағатай барлығында Қытайдың ұялы телефонының операторы істеп тұр. Ресей жақта Ресейдің ұялы телефонының операторы істеп тұр. Өзбекстанмен шекарада Өзбекстанның операторы істеп тұр. Үкімет нақты шешім қабылдауы керек және оны ұзаққа созбауы керек.
Асхат Оразбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
- 228 ауылдың аумағында шетелдік операторлардың ұялы байланыс сигналдары бар, ол рас. Қазір біздің қолжетімді интернет жобасына сәйкес біз 2024-2027 жылдарда осы ауылдарда жай байланыс емес, сапалы интернетті қамтамасыз етеміз.
Палата өкілдері сандық көрсеткіштерді ғана тізбектемей, сапа жағына қатаң бақылау жасауды талап етті. Осы ретте Өңірлік стандарттар жүйесінде әр сала бойынша салынатын нысандарға қойылатын талаптарды айқындау ұсынылды. Енді қамтамасыз етілу деңгейі төмен өңірлер бойынша жол карталарын әзірлеу қолға алынады. Әлеуметтік маңызы бар нысан және қызметтермен қамтамасыз етілу көрсеткіші елді мекендердің интерактивті картасында көрініс табады.