Астанада «Қазақстан-Бельгия» Іскерлік кеңесінің отырысы өтті

Астанада «Қазақстан-Бельгия» Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында қос тарап өкілдері екі елдің бизнес байланыстарын дамыту жолдарын талқылады. Бүгінде Қазақстанда Бельгия капиталымен 70 компания жұмыс істейді. Алдағы уақытта көрсеткішті арттыру жоспарланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Қазақстан-Бельгия» Іскерлік кеңесі құрылған болатын. Еуропадағы экономикасы көш ілгері мемлекет инвесторға бай. Жаңа технология бойынша да оқ бойы озып тұр. Сондықтан Бельгиямен тығыз қарым-қатынас орнату – заман талабы. 

Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі:

- Іскерлік кеңес келісіміне 3 апта бұрын ғана қол қойдық. Бүгін, міне, Бельгиядан кәсіпкерлер келіп отыр. Алматыда және Астанада бизнес миссияларын орындайды және бір тобы Астана Халықаралық форумына қатысады. Қатарынан келген бірнеше іс-шара барысында бельгиялық кәсіпкерлер Қазақстан әлеуетін жан-жақты зерттейді деп ойлаймын.

Қос тарап өкілдері алдымен тауар айналымының артқанын айтты. Рас 2022 жылдың қорытындысы бойынша, көрсеткіш 514,5 млн АҚШ долларын құрады. Былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы меже 23%-ке артып отыр. 

Денис Ван ден Вейх, «Benelux» Сауда палатасының президенті:

- Бельгия шағын мемлекет болғанымен, бірнеше бағытты мықты дамытып алған ел. Бұл – медицина, фармацевтика, биотехнология, машина жасау, ауыл шаруашылығы. Біздің ішкі нарығымыз өте шағын. Ірі компаниямыздың бәрі экспорт есебінен өмір сүреді. 

Анри Вантигем, Бельгияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

- Бұл – логистика, энергия, жасыл технологиялар, күн, жел энергиясын тұтыну, инфрақұрылым қауіпсіздігі, яғни, сан сала бойынша біз Қазақстанмен жұмыс істеуге қызығушылық танытып отырмыз.

Бельгияға Қазақстаннан көбіне шикізат, атап айтсам,зығыр тұқымы, титан, хром, көмір, этил спирті, өзге де қара металдардан жасалған бұйымдар жөнелтіледі. Ал біз дәрі-дәрмек, трактор мен тазалық құралдарын импорттаймыз.

Сымбат Ғалымжанқызы, тілші:

- Бельгия Қазақстанға инвестиция салушы елдердің бестігіне кіреді. Медицина саласының үздігі һәм саяси шешімдер орталығы саналатын мемлекет үшін Қазақстан нарығы қашаннан өзекті. Тараптар алдағы уақытта байланыстарды тереңдетуге уағдаласты.

Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Наурызбай Құрманғазы.