Конституциялық референдумның өткеніне 1 жыл: елдегі саяси өзгерістер
Осы кезең аралығында елде ауқымды саяси өзгерістер іске асты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сарапшылар бұл жаңашылдықтарды Қазақстанның демократиялық қоғамға аяқ басуының адымды қадамы ретінде бағалап отыр.
1 жыл бұрын қазақстандықтардың басым бөлігі, яғни азаматтардың 77,18%-і республикалық референдумда ел Конституциясын өзгерту туралы заң жобасын қолдап дауыс берді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин елдегі маңызды саяси шара жайында осылай деп пікір білдірді. Оның айтуынша, Конституцияға енгізілген түзетулер Президент, Парламент және сот институттарын реформалауды көздеді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Бұл референдум Қазақстан қоғамы үшін маңызды оқиға болды. Өйткені біз ел дамуындағы жаңа кезеңге қадам бастық. Ең бастысы, референдум – қоғамдық бірігудің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Біз оны Президент және Парламент сайлауларында анық байқадық. Жалпы елімізде өте қысқа мерзімде жүзеге асырылған түбегейлі саяси реформалар аймақтағы бірегей құбылысқа айналды. Қазақстан жаңа күн тәртібін белгілеп берді.
Сарпшылар ең мыңызды өзгеріс тізбегіне Қазақстанның суперпрезиденттік басқару формасынан президенттік және парламенттік жүйеге ауысуы дейді. Екіншіден, аймақтарға тең мүмкіндіктер ашылды.
Аман Мәмбеталин, саясаттанушы:
- Бұл болашақта авторитарлық режимге айналып кетуге мүмкіндік жабатын заңдар енгізілген және аймақтарға Мәжіліс пен мәслихаттар мүмкіндігі кеңейтілген. Сосын ұмытпау қажет, конституциялық сот пайда болды. Одан басқа, Мәжілістің ішінде жаңа партиялар құралып, бірақ саяси күштерге мүмкіндіктер ашылды.
Конституциялық соттың құрылуы – адам құқығының қорғалуына арналған пәрменді механизм. Конституциялық реформа Әділетті қоғам принциптерін анықтап, Парламенттік жүйедегі өзгерістер осыған салмақ қосты.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Президенттің өзі бір кезде партияны басқарған. Ал конституцияда жазылған ол бүкіл халықтың, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау керек. Президенттің Жолдауында да принциптер, әділеттік принциптері бар. Парламентте әртүрлі партиялардан, пікірсайыс барлық жерде. Қоғамдық кеңес, палата құрылып жатыр.
Осылайша, Мемлекет басшысының 2022 жылдың 16 наурызында жарияланған Жолдауында айтылған ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасы Конституциялық тұрғыдан бекіді. Конституциялық реформа мен соңғы сайлау циклі жаңа саяси жүйенің келбетін қалыптастырды. Президенттің саяси жаңғыру бағдарламасын іске асыру жалғаса бермек.