Екінші Ұлттық құрылтай ерекшелігі. LIVE
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді.
Алқалы жиынның алғашқы күні, яғни бүгін үш тақырып қаузалады.
Қорған Қонысбайұлы @korgantore
Алғашқы құрылтай былтыр маусымда ұлт ұясы Ұлытауда өткен. Сол жерде Мемлекет басшысы екінші құрылтайды ер түріктің бесігі болған Түркістанда ұйымдастыруды ұсынды.
Осылайша сан ғасырдың куәсі болған көне шаһарға кеше зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары жиылды. Құрылтай қарсаңында бүгін 3 жұмыс секциясы өтеді. Оның екеуі жаңа басталды. Үшіншісі түстен кейін болады. Секциялар барысында қоғамды жаңғырту, мәдени-рухани даму, сондай-ақ білім және ғылым мәселелері талқыланбақ. Біз тұрған Фараб кітапханасында бір сағат бұрын «Қоғамдық консолидация» тақырыбымен бірінші сессия басталды.
Ислам Байрамуков, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Бірінші сессия барысында Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамыту, этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңнамалық реттеу, ұлттық идеология, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі мәселелерін талқылады.
Жеке талқылау блогы халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға арналды. Сарапшылар нотариустарды, адвокаттарды, полиция өкілдерін, прокуратура мен сот орындаушыларын тарта отырып, азаматтар үшін қоғамдық консультация ұйымдастыру тәжірибесін жаңартуды ұсынды. Отандық БАҚ пен медиа контентті дамыту жайы да пысықталды.
Ал осы кезде Ұлы дала елі орталығында өтіп жатқан екінші секциясының тақырыбы «Мәдениет.Өнер.Руханият» деп аталады. Бұл жерде құрылтай мүшелері қазіргі ақын-жазушылардың шығармаларында ұлттық құндылықтарға басымдық беру, отандық әдебиет пен киноны дамыту жайын талқылады. Алқалы жиынға қатысып жатқан азаматтар мұражай, мәдени орталықтар мен кітапханалардың жағдайын жақсарту қажет деген ойын ортаға салды. Әсіресе алдағы уақытта ауылдық жерлердегі мәдени орындардың жұмысы жаңғыртылмақ.
Жұмыс секциялары барысында көтерілген бастамалар іске асуы үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленеді. Яғни сарапшылар айтқанымыз сөз күйінде қалмай деп отыр. Бұған дәлел былтырғы бірінші сессия дейді.
Айталық, Ұлытауда өткен алғашқы отырыста Президент Quryltai мобильді қосымшасын іске қосуды тапсырған. Ол былтырғы желтоқсанда Egov базасында ашылды. Бұл платформаға азаматтар қоғамдағы түрлі өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын жібере алады.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы бірінші құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сөйтіп, өткен жылғы қазан айында бұл күнді қайта атап өттік.
Сонымен қатар биыл «Хабар» телеарнасында «Ұлттық құрылтай» арнайы бағдарламасы шыға бастады. Жоба барысында елдің дамуына ықпал ететін бастамалар талқыланады.
Сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың ресми сайты мен әлеуметтікжелілердегі аккаунттары іске қосылды.
Осылайша Ұлттық құрылтай азаматтардың шағымдарын жинайтын ашық диалог алаңына айналып келеді.