ШҚО-ның жаңа әкімі: Мақсатым сіздердің сенімдеріңізді ақтау
Шығыс Қазақстан облысын 9 жылға жуық басқарған Даниал Ахметов Президент жарлығымен лауазымынан босатылды.
Өлкенің жаңа әкімі болып 58 жастағы дипломат Ермек Көшербаев тағайындалды. Өңірдегі маслихат депутаттарының отырысына, Үкімет басшысының өзі Әлихан Смаилов қатысып, бұл лауазымға екі кандидат ұсынды. Оның бірі Қазақстаннның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Ермек Көшербаев болса, екіншісі облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов. Маслихат отырысына қатысқан 153 депутаттың 117-сі Ермек Көшербаевтың кандидатурасын мақұлдап дауыс берді. Жаңа әкімге бұл өлке таңсық емес. 2010-2014 жылдары осы жақта облыс әкімінің бірінші орынбасары болған. Сондықтан аймақтағы өзекті мәселелерден хабардар.
Ермек Көшербаев, облыс әкімі:
- Мен осы өңірде 5 жыл жұмыс істедім, мен бар болған тәжірибемді жаңа естіп отырсыздар, бірталай мемлекеттік органдарда жұмыс істеп едім, содан бар болағн тәжірибемді әрине деймін осы облысты дамытуға қосамын, менің мақсатым сіздердің сенімдеріңізді ақтау.