Мемлекет басшысы: Қазақстанды Еуразияның зерттеу хабына айналдыру арманым
Қазақстанды Еуразиядағы зерттеу хабына айналдыру арманым.
Осы орайда менің арманымның жүзеге асуында неміс университеттері маңызды роль атқарады. Мемлекет басшысы осылай деді. Ақордадағы келіссөзден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақ және неміс жоғарғы оқу орындары ректорларының форумына қатысты. Жиында айтылғандай, алдағы уақытта білім саласында неміс тәжірибесіне сүйенеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті:
- Ғылым мен технологияны қоса алғанда, көптеген саладағы байланыстарымызды нығайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстанды Еуразиядағы зерттеу хабына айналдыру – менің арманым. Осы орайда арманымның жүзеге асуында неміс университеттері маңызды рөл атқарады. Ал мүмкіндіктер туралы айтатын болсақ, әрине біз экономикалық серіктестігімізді нығайтуға баса назар аударамыз. Неміс инвесторларының экономикамыздың дамуына белсенді атсалысуын жоғары бағалаймын. Қазақстан Үкіметі бизнес-қоғамдастықтың еліміздегі ұзақ және қауіпсіз қызметі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сіздердің бизнестегі, экономикадағы, сондай-ақ ғылыми саладағы кәсіптеріңіз табысты болуы үшін Қазақстан Үкіметі қабылдайтын барлық шараны талқыладық.
Жиын аясында Қазақстан мен Германияның жоғары оқу орындары арасында бірқатар келісімге қол қойылды. Жалпы, Ректорлар форумына 11 германиялық және 25 қазақстандық техникалық университеттің өкілдері қатысты. Франк-Вальтер Штайнмайер де жоғары білім беру, ғылыми зерттеу және студенттерді оқыту ісінде өзара ынтымақтастыққа мүдделі екендерін жеткізді.