Конституциялық сотқа түскен арыздардың басым бөлігінде жұрт сот шешімімен келіспеген

Елде кейінгі бес айда Конституциялық Сотқа үш мыңнан астам адам жүгінген.

Ең көп өтініш Астана, Алматы қалалары мен Қостанай облысының тұрғындарынан түскен. Олардың басым бөлігі сот шешімдерімен келіспейтінін жазған.

Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысы кезінде Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова баяндады. Сондай-ақ жиын барысында Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланып, бекітілді.

Конституциялық сотқа түскен шағымдардың 41 пайызы сот шешімдерімен келіспеуден туындаған. Арыз-шағымның дені сот актілерінің орындалмауы, тұрғын үй, еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау және жеке тұлғалардың банкроттығына  қатысты. Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованың айтуынша, Қазақстан заңнамасында Конституциялық сотқа жүгінгенге дейін құқықтық қорғаудың барлық басқа құралдарын қолдану туралы талап жоқ. Сондай-ақ, 5 айда мемлекеттік органдар қабылдаған нормативтік актілердің ішінде Конституцияға сай келмейтін нормалар анықталған. 

Эльвира Азимова, ҚР Конституциялық сот төрағасы:

- Осы кезеңдегі конституциялық іс жүргізу қорытындысы бойынша, өкінішке қарай, жекелеген нормативтік құқықтық актілерде елеулі олқылықтардың бар екені анықталды. Қабылданған он сегіз нормативтік қаулының бесеуінде нормалар конституциялық емес деп танылды, тағы бесеуі бойынша Конституциялық Сот біркелкі құқық қолдану мақсатында тиісті нормаларға түсіндірме берді.Қазіргі уақытта Үкімет пен мүдделі органдарға қажетті шаралар қабылдау ұсынылды. 

Қос палатаның отырысында Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджет туралы есебі қаралды. Жалпы Ішкі Өнім 3,3% өскен. Түсімдер 16,1 трлн теңгеге жетті. Бюджет тапшылығы 2,3 пайыз. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша мемлекет әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін толық көлемде орындаған. Енді бұдан кейін Ұлттық қор қаражатын үнемдеу жалғасады. 

Ерұлан  Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-қаржы министрі:

- Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясатын жалғастыру мақсатында республикалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту жалғасады. Сондай-ақ, ұлттық банкпен бірлесіп қордың инвестициялық кірістер арттыруға қатысты шаралар қабылдануда. Бұл мемлекет басшысының Ұлтық қордың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарына сәйкес бюджеттің атқарылу мониторингі реттеледі. Нәтижелерге қол жеткізу, әсіресе инвестициялық жобалар бойынша бақылау күшейтіледі. Отырыс барысында депутаттар Үкімет басшысына мемлекеттік борыш қауіпсіздігіне қатысты сауал жолдады. 

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 2022 жылдың шығыс бөлігі негізінен салықтық, салықтық емес ұлттық қордан бөлінген трансферттер ал қалған бөлігі мына қарыз қаражатынан қамтамасыз етіліп отыр. Бұл менің ойымша қауіпті нәрсе. Мына мемлекеттік борышты көлемін азайту үшін қандай шаралар қолданылып жатыр? Сонымен қатар осы мемлекеттік борышқа орташа және ұзақ мерзімдегі преспективалар бойынша болжамыңыз қандай? 

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

- Мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты назарында. Және осы саладағы жұмыс халықаралық тәжірибе сәйкес келеді. Қазір ол қауіпсіз деңгейде қалыптасып отыр. Қарызды негізінен ішкі нарықтан теңгемен алуға басымдық беріп отырмыз. Ол валюталық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы алдағы 5 жылдың ішінде мемлекеттің борыштың қауіпсіз деңгейде қалыптасады. Жалпы ішкі өнімге 25 пайыз шегінен аспайды деп болжап отырмыз. 

Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бекітілді. Дәл осы жиында «Прокуратура туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң қабылданды. Енді бұл заңға заңсыз активтерді қайтаруға байланысты түзету енгізіледі.

Руслан Бақытбекұлы, Нұрғали Мамырбаев