Алматыда Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесуі өтті
Бүгін Алматыда Орталық Азия елдері мен Ресей Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бірінші кездесуі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға арнаған құттықтау бейне-үндеуінде қазір аймақ үшін тұрақтылықты сақтау және қауіпсіздікті нығайту аса маңызды міндет екенін атап өтті. Яғни, қауіп-қатерді болжау, алдын алу шараларын жедел әзірлеу және сапалы жаңа интеграцияланған тәсілдер қажет. Президент көмекшісі, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов ынтымақтастықтың басым бағыттарын, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, көлік және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірлесіп әрекет етуді ұсынды. Экожүйені сақтау, су мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Ғизат Нұрдәулетов пен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевтің төрағалығымен екіжақты кездесу өтті. Тараптар Орталық Азиядағы терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты талқылап, қазіргі геосаяси жағдайға баға берді.