Парламенттің бірлескен отырысы өтті

Елде VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді депутаттар жазғы демалысқа шығады. Халықпен де кездесіп, сайлаушылардың талап-тілегін тыңдайды. Ал бүгінге дейін атқарылған жұмыстар қос палатаның бірлескен отырысында қорытындыланды.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Бұл – сессиядағы қос палатаның үшінші бірлескен отырысы. Бүгінге дейін депутаттар 120-дан астам мәселе қараған. 82 заң жобасы бойынша 25-і мақұлданып, оның 13-іне Президент қол қойды. Ерекше атап өтерлігі, бұл заң жобалардың көбіне депутаттардың өздері бастамашы болған.

Осы VIII сайланымда Мәжілісте жасы 35-ке толмаған 13 депутат бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да заң шығару ісіне белсенді араласып келеді. Таяуда «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы өз міндетіне кіріседі. Оны Ерлан Әбдиев басқарады.

Ерлан Әбдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мен 3 депутаттық сауал жасап көрдім. Барлығы мүгедектігі бар адамдардың тақырыбы бойынша. Жауаптарына біз қанағаттанамыз. Бірақ ойдағыдай емес. Көбінесе сырғытпа жауаптарымен жауап беріп жатыр. 

Иә, қос палата депутаттары мемлекеттік органдарға 306 депутаттық сауал жолдады. Оның 250-ден астамы Мәжілісмендерге тиесілі. Алайда жауаптың сапасына көңілі толғандар көп емес.

VIII сайланымның 1 сессиясындағы депутаттық сауалдар:

Мәжіліс – 253;

Сенат – 52.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз депутаттық сауалдарда халықты толғандыратын өзекті мәселелер көтеріп, сайлаушылардың тілегі мен аманатын жеткіземіз. Өкінішке қарай, бізге толық жауаптың орнына жалпылама, сырғытпа жауаптар ғана келеді. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін біз Үкімет мүшелерін арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз. Бұл біздің регламентте қарастырылған.

Мәжілістің бұл сессиясы бар болғаны 100 күнге созылды. Күзде салық, бюджет, су, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу сынды заң жобалары қаралады. Әзірге депутаттар халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдайды. Атқарған жұмысын баяндайды. Ал мәдениет және архив қызметкерлерінің жалақысын арттыруға күш салып жатқан Ринат Зайытов мақтануды «болмысыма жат қылық» дейді.

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мынаны істедім. Егер менің істеп жатқан нәрселерімнің елге пайдасы тиіп жатса, маған сонысы жетеді. Оны бұлдап айту менің болмысымдағы нәрсе емес.

Мәжілістің VIII сайланымдағы алғашқы сессиясы аяқталды. Көпшілік партиялар мен депутаттардың белсенділігіне тәнті боп жатты. Көзге түсе бермегендері де бар.  

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мәжілісмендерді сіздер депутаттық сауалдармен, болмаса бір мінберде айтылған сөздермен, олардың жұмысын бағалауға болмайды. Көп Мәжілісмендер мүмкін публикаға емес, керісінше, концептуалды түрде, кабинетте, Үкіметпен жұмыс істеп жатқан депутаттар бар. Әрбір депутаттың өзінің халық алдында берген уәдесі бар. Мәжілісмендердің тікелей жұмысы.

Келесі сессияға дейін 2 ай бар. Халық қалаулылары сайлаушыларымен кездеседі. Алдағы отырыстарға күш жинап келу де маңызды.

- Тамыздың басында бұрын алып қойғам, Түркияға жолдамам бар өзімнің.

- Мен өзім спорт саласынан келгеннен кейін мен өзім шетелге көп шығып тұрам. Сол себепті маған міндетті түрде шетелге шығу емес, оны уақытында көреміз.

- Мен өзімнің ауылымда үйде болам.

Келешекте заң жобаларын тәуелсіз сарапшылар алдын ала талқылайды. Бірлескен отырыста сөз алған Ерлан Қошанов құжаттың «нөлдік» оқылымнан өткізілетінін атап өтті. Осылайша, маңызды заң жобалары барлық тараптың сүзгісінен өтеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев.