Алматы ШЫҰ туристік астанасы болуы мүмкін
Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңейді.
Бірлестікке Иран толыққанды мүше болып қосылды. Ал ұйымға енді Қазақстан төрағалық етеді.
Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Жиында қазақ басшысы бірнеше бастама көтерді. Соның бірі - бірлескен Инвестициялық қор құру. Бұдан бөлек, ұйымның жаңа даму стратегиясын қабылдау ұсынылды. Алматы қаласы Шанхай құрылымының туристік және мәдени астанасы атануы мүмкін.
Әуелде Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстанның мүше болуымен «Шанхай бестігі» деп құрылған ұйымға кейіннен Өзбекстан, Пәкістан, Үндістан кірді. Бүгін Иран қосылды. Осымен бірлестік толысып, тоғыздыққа айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық беделі жоғары. Бүгінде табысты әрі көпжақты ұйымға айналды. Осы орайда Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтаймын.
Иран толыққанды мүше болса, Беларусьтің Ұйымға қосылу процесі аяқталуға жақын. Саясаттанушы ұйымның кеңеюі – оның рөллін арттыра түседі деген пайымда.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы алып құрылым. Қазірдің өзінде Еуразия аумағының үштен екі бөлігін қамтиды. Шамамен 3.5 млрд адамды немесе жер халқының 45% біріктіреді. Әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірі, дүниежүзілік сауданың 15 пайызы осы ұйымға тиесілі.
Қ. Тоқаев бірлескен Инвестициялық қор құруды ұсынды
Бірақ, ұйым аясында 20 жылдан бері бірде-бір ірі экономикалық жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады. Қаржылық қолдау механизмі жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет басшыларының кеңесіне бірлескен Инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды және осы маңызды жоба бойынша ұсыныстар айтуға шақырамын. Әлемдегі қаржы институттарының үздік тәжірибелерін меңгерген «Астана» халықаралық қаржы орталығы ШЫҰ-ның аймақтық жобаларына тікелей және портфельді инвестиция құюды ынталандыру үшін тиімді платформа бола алады.
Көлік жолдарын бірлесіп дамыту – уақыт талабы
Геосаясат күн санап шиеленісіп бара жатқан кезде жаңа байланыс арналары керек. Әсіресе сауда жолдарын өзгерту – уақыт талабы. Сондықтан ұйымға мүше елдер заманауи көлік инфрақұрылымын және ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құруы мүмкін. Бұл қазақ басшысының бастамасы. Жиында көтерілген және бір мәселе - энергетика. Жаңа қуат көзіне көшіп, экономика мен өнеркәсіпті көміртегінен арылту өзекті. Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын келісуді және Қазақстанда форум өткізуді ұсынды. Келесі мәселе – ұйымға мүше елдердің цифрлық теңсіздігі. Бұл орайда біздің ел көпке үлгі.
Президент: Цифрлық теңсіздікті азайту керек
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Цифрлық теңсіздікті бірте-бірте азайту біздің ұйым қызметінде нақты басымдыққа айналуға тиіс. Үндістан ШЫҰ-ға төрағалық еткен кезеңде бұл бағыттағы ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс атқарды. Енді осы стратегиялық маңызды саладағы үздік тәжірибелерді алмасу ісін одан әрі жалғастыру маңызды. Былтыр Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 28-орынды иеленді. Бұл – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстанда жан-жақты цифрлық трансформация жасау үшін қолайлы жағдай бар. Біздің ел Цифрлық хаб ретінде ШЫҰ кеңістігінде өз қызметін ұсынады. Сондықтан 2024 жылы біздің құрылымның Цифрлық форумын Астанада өткізу маңызды деп санаймын.
Алматыны ШЫҰ туристік астанасы деп жариялау ұсынылды
ШЫҰ - алып туристік нарық. Осыны тиімді пайдалану керек деді қазақ Президенті. Біздің тарап бұл бағытта кешенді шаралар қабылдап жатыр. Мәселен былтыр Үндістан, Иран және Қытай азаматтарына визасыз режим енгіздік. Осыны мысал етіп, Мемлекет басшысы әріптестерін туризмді дамытуға шақырды. Мұның артында экономикаға құйылатын мыңдаған туристің қыруар ақшасы жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде Алматы қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынамыз. Қазақ жері – ежелден өркениеттер тоғысқан, дәстүрлер мен мәдениеттер біте қайнасқан мекен. Ал бүгінде Қазақстан бәрімізге ортақ, бай рухани мұраны сақтау және оны насихаттау ісіне барынша атсалысуға дайын. Осыған орай «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынамын.
Қ. Тоқаев: ШЫҰ жаңа даму стратегиясын қабылдайтын уақыт келді
Ұйымға төрағалық ету Үндістаннан Қазақстанға өтті. Біздің тарап осы кезеңде трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және кибершабуылға қарсы күреске басымдық бермек. Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаңа даму стратегиясын қабылдайтын уақыт жеткенін айтты. Тіпті Қазақстан құжаттың жобасын әзірлеп қойған. Жақында таныстырады. Ал Астанада өтетін келесі саммитке дейін ұйымның әлеуетін күшейту тұжырымдамасы қабылданбақ. Президенттің және бір ұсынысы осы. ШЫҰ жанынан Тұрақты өкілдер кеңесі құрылып, оған мүше мемлекеттердің мүддесін қорғау құзыреті берілуі мүмкін. Осындай нақты қадам жасалмаса бірлестіктің беделін арттыру мүмкін емес.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы