Қ.Тоқаев ШЫҰ елдеріне бірлескен инвестициялық қор құруды ұсынды
Жиында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту жайы талқыланды.
Географиялық тұрғыда мемлекеттердің байланысы, көлік-транзит әлеуеті, нарықтың ауқымдылығы мен экономикалардың бірін бірі толықтыруы ұйымның басты құндылықтары екені айтылды. Осыған қарамастан Шанхай бірлестігі аясында 20 жылдан бері бірде-бір ірі экономикалық жоба жүзеге асырылмады. Ондай бастамаларды қаржылай қолдау механизмдері жоқ. Қазақ басшысы осы орайда өз ұсынысын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті:
- Үкіметтер басшыларының кеңесіне бірлескен Инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды тапсыруды және осы маңызды жоба бойынша ұсыныстар айтуды ұсынамын. Әлемдегі қаржы институттарының үздік тәжірибелерін меңгерген «Астана» халықаралық қаржы орталығы ШЫҰ-ның аймақтық жобаларына тікелей және портфельді инвестиция құюды ынталандыру үшін тиімді платформа бола алады.