Елордамыз әлемдегі интеллектуалды 21 шаһардың қатарына енді
Елордаға муниципалитеттер мен әлем астаналарының басшылары жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бас қаламыздың 25 жылдығына орай Астананың бауырлас қалалары форумы өтті. Мерейтойлық жиынға Мемлекет басшысы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиында Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділетті баға беру керек екенін айтты. «Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет. Ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек», - деді Президент. Бас қаламыз аз уақытта дамыған экономикасы мен инфрақұрылымы бар заманауи мегаполиске айналды. 25 жылдың ішінде қаланың жалпы өнімі 22 миллиард, ал өнеркәсіп 4,3 миллиард долларға жетті. Ширек ғасыр ішінде 33 млн шаршы метр тұрғын үй, 670 балабақша мен мектеп, 100-ден астам мәдени және спорт нысаны салынды. Бүгінде Астана жастарды, туристер мен инвесторларды тартатын аймақтық хабқа айналды. Беделді халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, елорда әлемдегі интеллектуалды 21 шаһардың қатарына енген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретін елордамыз басқа қалалардың дамуына үлгі болады. Өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны 4 есе өсті. Сарапшылардың болжамы бойынша, елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10% астамын құрайды.