Екатеринбургте Қазақстанның Бас консулдығы ашылды
Екатеринбург қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ашылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Қазақстан Республикасының Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Даурен Абаев қатысты. Бас консулдық қазақстандық және ресейлік өңірлер мен кәсіпорындардың өзара алыс-беріс, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейтуге қызмет етеді. Жаңа дипломатиялық нысанның жұмысы Свердлов, Челябинск, Қорған, Түмен облыстарын, сонымен қатар Пермь өлкесін қамтиды. Жалпы осы консулдық округтің аумағында 90 мыңнан астам қазақ, оның ішінде Қазақстаннан келген 7 мыңнан астам студент бар. Үкімет басшысы Екатеринбургке XIII «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысу үшін барған еді.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Біз 300-ден астам құжатты қамтитын шарттық-құқықтық базаны қалыптастырдық. Осыдан 10 жыл бұрын Екатеринбургте президенттеріміз ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы келісімге қол қойды. Бүгінгі таңда Қазақстанның облыстары мен қалалары арасында Ресейдің барлық дерлік субъектілерімен тұрақты диалог құрылды.
Дәурен Абаев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Осы консулдық округте 90 мың отандастарымыз тұрады. Одан басқа 7 мыңға жуық студенттер оқиды. Сондықтан бұл осы жағынан қарағанда маңызды. Екінші жағынан қарағанда Свердлов облысы бізге экономика жағынан өте қатты жақсы инвестицилар келіп жатыр.