Мемлекет басшысы Премьер-министр Әлихан Смайыловты қабылдады
«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс жарияланады.
Мырзағалиев мұнай өңдеу зауытының қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шараларын уақтылы жүзеге асырмаған. Ал Нұрмағанбетов батыс энергия торабының қауіпсіздігіне тиісті деңгейде бақылау жасамаған. Ал «МАЭК» серіктестігі, Атырау мұнай өңдеу зауыты, «KEGOC» басшылары мен өзге де лауазымды тұлғаларға әкімшілік сипатта шара қолданылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан Смайыловты қабылдады. Президентке елдің биылғы 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, сондай-ақ Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында және Атырау мұнай өңдеу зауытында болған апаттардың себептерін тексеру нәтижесі баяндалды.
Қорған Қонысбайұлы:
Батыс өңірдегі энергетика кәсіпорындарының жұмысында бірқатар кемшілік бар. Жүргізілген ауқымды талдау нәтижесі осыны көрсетті. Мұны Мемлекет басшысының қабылдауында болған Премьер-министр айтты. «ҚазМұнайГаз-дың» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс жарияланады. Себебі, жұмыс уақытылы атқарылмаған әрі бақылау болмаған. Үкімет келешекте мұндай дағдарысқа жол бермеу үшін Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізеді.
Батыс энергетикалық аймағын күшейтіп, Атырау мұнай өңдеу зауытын тұрақты түрде сыртқы электр қуатымен қамтамасыз етеді. Әрі сол жерде өзін-өзі энергиямен қамтамасыз ететін станса салып, батыс аймақты Қазақстанның бірыңғай электрэнергетикалық жүйесіне қосады.
Үкімет бұдан басқа да бірқатар шұғыл және жүйелі шара қабылдайды. Қабылдауда кезінде Әлихан Смайылов Мемлекет басшысына вегетациялық кезеңдегі су тапшылығы бойынша жағдайды баяндады.
Атап айтқанда оңтүстік өңірлерді тіршілік нәрімен қамтамасыз ету бойынша Президентке есеп берілді. Осыған байланысты Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар суармалы ауыл шаруашылығы дақылдарының қайсысына басымдық берілетінін анықтайды. Суайналым әдісі қолданылады. Бұдан бөлек, тіршілік нәрін үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары қарқын алады. Қазірдің өзінде арналардағы су шығынын азайту және жиналған судың мөлшерін көбейту үшін гидротехникалық құрылыстарға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Премьер-министр «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыруға, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және киіктер популяциясына қатысты қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады.