Қ. Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасарын қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Терроризмге қарсы күрес басқармасының басшысы Владимир Воронковпен және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Терроризмге қарсы күрес комитеті Атқарушы директоратының атқарушы директоры Наталья Германмен кездесті.
Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия форумына қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының делегациясына алғыс айтты. Кездесу барысында аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, террористік қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. БҰҰ өкілдері Қазақстанның бұл саладағы күш-жігеріне жоғары баға беріп, еліміз БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес мәселесінде көшбасшылардың бірі екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қызметін жоғары бағалаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, оған ізгі тілегім мен сәлемімді жолдаймын. Қазақстанға келер болсақ, біздің тарапымыздан БҰҰ-ның кең ауқымды қызметіне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бүгінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігі туралы көп айтылып жүр. Бұл мәселе демократия қағидаттарына сай егжей-тегжейлі талқылауға лайық деп санаймыз. Әрбір ел бұған өз үлесін қосып, пікірін айта алады.