АҚШ Қазақстаннан шығарылған заңсыз активтерді қайтаруға көмектеседі
Қазақстаннан шығарылған заңсыз активтерді қайтаруға АҚШ тарапы көмектесуге дайын.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың айтуынша, Ақ үй мен Конгресс өкілдері еліміздің сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы қадамдарын құптап отыр.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Вашингтонда қазақстандық делегация екі елдің байланыстын арттыру бойынша бірқатар кездесу өткізді. Соның ішінде заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару туралы Қазақстанның атқарып жатқан жұмыстарын АҚШ тарапы оң бағалған. Өйткені мұндай заңсыз әрекетпен әлем бойынша күресіп жатыр. Сондықтан заңсыз шыққан активтерді іздеуге және қайтаруға қолдау көрсетеді әрі тәжірибесімен бөлісуге әзір.
Қайрат Омаров, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
- Америкада бұл мәселе өте өзекті. Олар мұндай заңсыз әрекетпен әлем бойынша күресіп жатыр. Сондықтан Қазақстанның бұл бағыттағы қадамын құптап отыр. Бізге заңсыз шығарылған активтерді қайтарудың заңды тетіктерін ретке келтіру керек болды. Америка тарапы бұл мәселеде бізбен тығыз жұмыс істеуге дайын. Әрі біздің өтінішіміз бойынша қол ұшын созады.
АҚШ-тың заңсыз әрекеттерді әшкерлеп, салықтан жалтарумен күресте тәжірибесі мол. Тіпті қайбір жылдары мыңдаған азаматының швейцариялық банктердегі есепшоттарын аштыртып, миллиардтаған доллар салықты қайта төлеткен болатын.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы заңды дайындағанда АҚШ-тың тәжірибесін, мына азаматтық тәркілеу тәжірибесін жақсылап зерделегенбіз. Сондықтан азаматтық тәркілеу деген бұл мәселе – оларға таныс нәрсе. Сондықтан да олар өте жақсы қолдап жатыр.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Жалпы тек бірлескен күш-жігермен ғана трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстық жолмен кірістерді жылыстатуға қарсы тиімді күресуге болады. АҚШ Конгресі де сайлауалды бағдарламасындағы негізгі міндеттердің бірі заңсыз шығарылған активтерге қарсы белсенді күрес жүргізеді.
Авторы: Нұрбек Бекен.