Премьер-министр демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді
Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында жоғары білім саласындағы бұрын жекеменшікке өткен кейбір активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Премьер-министр құзырлы мемлекеттік органдарға тиісті құжаттар мен шарттарды тексеріп, олардың заңдылығына құқықтық баға беруді тапсырды. Бұл ретте Әлихан Смайылов аталған оқу орындарындағы оқу процесінің толық тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне тоқталды, өйткені басталған тексеру студенттерге де, университет қызметкерлеріне де қатысты емес.
Сондай-ақ отырыста, Қарағанды облысының 30-ға жуық елді мекенін электр қуатымен қамтып отырған жекеменшік компаниялардың жұмысы қаралды. Бұрын кәсіпорынды тексеру барысында бұзушылықтар анықталған еді. Бірақ уақыт өте ол жойылмаған. Сондықтан Үкімет басшысы бұл мәселені шешу үшін Бас прокуратураға тапсырма жүктеді. Сонымен қатар кеңесте теміржол көлігі саласында да бірқатар монополияға қарсы шараларды жүзеге асыру мәселесі қаралды.
Динара Әлімова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:
- Кеңесте жоғары білім саласында бұрын жекеменшікке өткен кейбір активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды. Үкімет басшысы құзырлы мемелкеттік органдарға тиісті құжаттар мен шарттарды тексеріп, олардың заңдылығына құқықтық баға беруді тапсырды. Бұл ретте тексеру жұмыстары студенттерге немесе университет қызметкерлеріне қатысты болмағандықтан, оқу процесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.