ОА елдері мен араб мемлекеттері ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты
Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттері өзара ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты.
Тараптар инвестиция, энергетика және логистика салаларында көпжақты байланыс орнатуға дайын. Әрі азық-түлік қауіпсіздігін сақтау жөніндегі жоспар бар. Соның бір парасы Ташкентте талқыланды.
Шығанақтағы араб мемлекеттері мұнай мен газ қорына қашаннан бай. Оны шикізат күйінде емес, өңдеп те жаһандық нарыққа экспорттайды. Инвестициялық қоржыны осы табиғи байлығы есебінен артып келеді. (( ГЕО:
Қазір бірқатар саудиялық және Біріккен Араб әмірліктерінің компаниясы Қазақстан мен Өзбекстанда жұмыс істейді. Көршіміздегі күн және желден қуат алатын жобалардың бір парасына араб инвестициясы құйылған.
Саед Әлгезми, Біріккен Араб Әмірліктерінің Өзбекстандағы миссиясының жетекшісі:
- Қазір әлемде геосаясат ушығып тұр. Стратегиялық серіктестер табу қиын. Осындай форматтағы кездесулер біздің мүмкіндігімізді арттырады. Орталық Азия көшбасшыларының бастамаларын қолдап, жүзеге асыру жолдарын талқылауға кірістік.
Тұтас Орталық Азия енді шығанақпен инвестициялық байланыс орнатып қана қоймай, тікелей тауар тасымалын ұлғайтуға мүдделі. Осы мақсатта әуедегі және құрлықтағы көлік инфрақұрылымы дамытылып жатыр.
Ал аймақтағы мемлекеттер үшін транзит жолдарын әртараптандыру - бірінші кезектегі мәселе.
Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Бұл мәселені өңірлік деңгейде жиі талқылап жүрміз. Қазақстан бойынша айтатын болсам, біз Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға ден қойдық. 2030 жылға қарай осы бағытта жылына 500 мың контейнер тасымалданатын болады. Қазақстан «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін құруға да үлес қосып келеді. Одан бөлек Ауғанстан арқылы көлік транзитін дамыту бастамасы бар. Оны да қолдаймыз.
Мемлекетті алға жетелейтін бірден-бір фактор – тұрақты даму. Араб әлемі мен Орталық Азияны осындай ортақ мүдде біріктіреді. Оның ішінде, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау да бар. Қазақстан аграрлы ел. Сондықтан Парсы шығананына ауыл шаруашылығы өнімі экспортын ұлғайта алады.
Жасұлан Ысқақов, Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің кеңесші-уәкілі:
- Бүкіл Орталық Азияның шығанақтағы Араб елдеріне экспорттай алатын тауар тізімі ауқымды. Бір ғана Қазақстан 100 түрлі өнім тасымалдайтын әлеуетке ие. Біздің елге бұл аймақтан тартылған тікелей инвестиция да көп. Осы саладағы және тауар тасымалдау ісіндегі серіктестігіміз ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.
Араб елдерімен туысқан болмасақ та дініміз ортақ. Бізді біраз дүние біріктіреді. Ал ислам әлемінің бай мұрасы аймақтағы туризмді дамытуға сеп.
Ол үшін тараптарға визалық режимді қайта қарап, барыс-келісті жеңілдету міндеті жүктелген.
Рауан Мыңбаев