Түркияда Қазақстанның апаттан жараланған екі азаматына операция жасалды
Түркияда жол апаты кезінде зардап шеккен 12 адамның екеуіне операция жасалды.
Қазір олардың жағдайы орташа деңгейде. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлім етті. Қалған 10 отандасымыздың халі бір қалыпты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Зардап шеккендердің 4-уі бала екені белгілі болды. Жерлестеріміздің барлығында медициналық сақтандыру бар. Кеше Түркияның Алания қаласында қазақстандық туристер мінген автобус апатқа ұшыраған. Жергілікті Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, автобус жүргізушісі мен оның жанында отырған гид, Украина азаматы қайтыс болды. Шағын автобус қазақстандық туристерді әуежайға апара жатқанда жүк көлігіне соғылған. Істің мән-жайы анықталып жатыр.