Әлемдік діндер съезі хатшылығының XXI отырысы өтеді
Қазан айында Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары құрылтайы хатшылығының XXI отырысы өтеді.
Оған Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев басшылық етеді. Айтулы шараға дайындық жұмыстары қазірден бастап қызу жүріп жатыр.
Былтыр 14-15 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елордада Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VII съезі өтті. Құрылтайға Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Франциск, әл-Азһар шейхы, Жоғары мәртебелі имам Ахмет ат-Тайеб сынды дін басылары келген болатын. Осы арқылы Астана шаһары бұл салада теңдесі жоқ бірегей алаң екенін кезекті рет көрсетті.
Кеңшілік Тышхан, Л.Гумилёв атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының доценті:
- Негізгі мәселе – ізгілікке, татулыққа, түсіністікке мұрындық болу. Бұл мұрындық болудың өзі қазір әлем елдеріне сондай жағдайларға барған кейбір діни лидерлер кейбір мемлекеттердің есігін ашып берді. Болмаса, ашқызбайды. Осындай жағдайда Қазақстан өзінің нейтралды позициясын жариялай отырып, бәрінің басын бір столдың басына жинауы әр мемлекеттің қолынан келе беретін шаруа емес.
20 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан іс-шара халықаралық сенімге ие. Бұған дейін де әлемдік діндердің талай көшбасшысы қатысқан. Мәселен, өткен жылы 50 елден 100-ден аса делегация келген еді.
Наталья Калашникова, саясат ғылымдарының докторы:
- Бұл Қазақстанның көпвекторлы саясатының жемісі. Еліміздің әр бастамасы тек бейбітшілікке, тыныштыққа бағытталған. Осы уақытқа дейін 7 съездтің куәсі болдық. Былтырғы жиынға әлемдік деңгейдегі құрметті меймандардың келуі көп нәрсені аңғартты. Біріншіден Қазақстанның бейтарап ұстанымы көпті қызықтыратыны жасырын емес. Бұл құрылтайдың негізгі мақсаты – діни саналуандығымызға қарамастан өзара тіл табысу.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII съезінің жабылу рәсімінде Президент съездің 2033 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынған еді. Мемлекет басшысы атап өткендей, құжатта діни форумның ықпалын күшейтуде нақты қадамдар мен кезеңдер қамтылуы тиіс.
Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев