Қытаймен визасыз режим жыл аяғына дейін іске қосылуы мүмкін
Қытаймен арадағы визасыз режим жыл аяғына дейін іске қосылуы мүмкін.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында Қытайға жасаған сапары кезінде осындай екіжақты келісімге қол қойылған еді. Визасыз қатынас келісімінің күшіне енуі үшін тараптар күнтізбелік 30 күннің ішінде мемлекетішілік процедураларды жүргізуі тиіс. Осы ретте қазақстандық тарап тиісті мемлекетішілік рәсімдерді толық аяқтап, шілденің соңында Қытай елінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлама жолдаған. Қазір Қытай елінен дәл осындай хабарлама күтіп отыр. Хабарлама келген күннен бастап, бір ай ішінде екі ел үкіметтері арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енеді.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Өз кезегінде біз Қытай тарапынан ішкі процедураларды аяқтау туралы тиісті хабарлама күтеміз. Тиісінше біздің елдеріміз арасындағы өзара визасыз режимнің күшіне енуі туралы ақпарат Қазақстан Республикасының ресми интернет ресурсында орналастырылады және қазақстандық БАҚ-та кеңінен жарияланады.
Алыс-берісті ұлғайту міндет
Тамыздың 13-17 аралығында үкімет басшысының орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қытайға ресми сапармен барады. Мақсат – қос ел арасындағы алыс-берісті нығайту. Сапар аясында бірлескен кәсіпорындар құру, ет өнімдерінің экспортын ұлғайту, инвестиция тарту және көлік-логистикалық байланысты дамыту жайы талқыланады.