Депутат Жамбыл облысындағы шаруалардың мәселесін тыңдады
Суармалы суды қадағалайтын жеке агенттік құру қажет.
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған мәжіліс депутаты әрі Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров осындай пікір білдірді. Себебі елдегі биылғы қуаңшылық саланы бейжай қалдыруға болмайтынын көрсетті. Аймаққа арнайы барған депутат Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарының шаруаларымен кездесті. Егістік пен су арналарының жағдайымен танысты.
Мәжіліс депутаты бастаған топ Байзақ пен Жамбыл аудандарындағы шаруалармен кездесті. Соның бірі «Шәріпов» қожалығы. Бұл шаруашылық қант қызылшасы алқабына жаңбырлатып суару құрылғысын қойған. Нәтижесінде өнім бітік шыққан. Десе де, шаруалар су тапшылығы барын жасырмайды. Сондықтан бұл мәселені мәжілісте көтеруді сұрады.
Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы:
- Судың бір жағынан қожайыны ауыл шаруашылығына келген кезде Ауыл шаруашылық министрлігі, құбырларға қоймаларға келген кезде бұл экология министрлігі. Сосын олар бір-біріне ысырып, менің міселем емес сенің мәселең деп ысырады. Себебі нақты осы судың қожайыны жоқ. Сондықтан біздің ұсынысымыз осы агенттік құру, су мәселесінің агенттігі.
Respublica партиясының өкілдері Жамбыл ауданындағы су каналдарының құрылысымен танысты. 2018-2019 жылдары ауданда 94 су арнасында жөндеу жұмыстары басталған. Бірақ қазір 72 каналды жаңғырту аяқталмай қалған. Оған карантин мен сметалық құжаттамалардың ескіруі себеп. Ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізетін бұл мәселе де депутаттар назарына алынды.
Ербол Жиенқұлов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Егістік жеріне толыққанды су жеткізу мүмкіншілігі өте аз болады. Земленной каналмен су жүрген уақытта. Оның ішінде суғару маусымына келген кезінде мынау қамыстар өсіп кетеді. Ол жердегі судың өту процесіне өте кедергі жасайды. Соған байлланысты осы бетондау жұмыстарын жасап беруді сұрап отырмыз.
Депутаттар сапары Жуалы ауданында жалғасты. Халық қалаулылары құс фабрикасы мен сүт зауыттарында болды. Сапар барысында суармалы су тапшылығы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру және субсидиялау мәселелері талқыланды.
Мерей Бает, Руслан Ахатіллә